Start Басты жаңалықтар САРЫАҒАШТЫҚ САҚШЫЛАР ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ

САРЫАҒАШТЫҚ САҚШЫЛАР ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ

Қазіргі таңда кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Сыбайлас жемқорлық ол заман ағысымен қатар өсіп, тамырын жайып келе жатқан қоғам індеті. Бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел алпауыт елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор зиянын тигізіп келеді. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі аталмыш кеселмен күресу болып табылады. Осы мақсатта Түркістан облысы Сарыағаш АПБ-нің полицейлері жемқорлық дертінің алдын алу және оны болдырмау мақсатында өзара бас қосып, пікірлер алмасты. Бас қосуға Сарығаш АПБ бастығы полиция полковнигі Е.Нуралиев пен Сарыағаш АПБ-нің кадр саясаты жөніндегі орынбасары полиция подполковнигі Е.Шамшат, білімгерлер мен жас полицейлер қатысты. Сонымен қатар, аудандық полиция бөлімінің басшысы Алматы, Қарағанды, Қостанай ішкі істер академияларын бітіріп келген жас мамандарға және 2 курс студенттеріне «Сыбайлас жемқорлыққа- Жол жоқ» атты тақырыппен лекция оқыды.
Олар бүгінгі күні қоғамда кеңінен белең алған сыбайлас жемқорлық мәселесін кеңінен талқылап, желілерде таралып жатқан кейбір қызметкерлердің парамен ұсталуы немесе оларға қатысты пара алу бойынша жаланың жабылуы жайлы пікірлерін ортаға салды.
Сарыағаш АПБ-нің басшысы, полиция полковнигі Е.Нуралиев өз баяндамасында: «Бүгінгі таңда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада қарқынды жүзеге асырылуда. Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлер арасында жемқорлық тақырыбындағы мәселелер жиі қозғалады. Сондықтан бұл індетпен күресуді әр адам өзінен бастауы тиіс. Сіздер болашақ жас мамансыздар, алдағы уақытта қызмет саласында немесе өмір ағымында болсын кездескен қиындықтармен тайсалмай күресулеріңіз қажет. Өскелең ұрпаққа үлгі мен өнеге болғандарыңыз жөн», – деді.
Сондай-ақ аға буын өкілдері мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыстарға және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебіне тоқталып, жас курсанттарға түсіндірмелер жүргізді.
Сарыағаш АПБ басшысының бастамасымен өткен жиын соңында білімгерлерге сыбайлас жемқорлық санатына жататын құқықбұзушылықтар туралы ақпараттар мен бейнероликтер ұсынылды.
Ал біздің өз тарапымыздан айтарымыз, әрбір адам бұл дертпен күресу үшін қоғамға таралмауын назарда ұстап, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке тосқауыл болып, бірге жұмылуымыз қажет.