ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Арыс қаласындағы зардап шеккен үйлерді, әлеуметтік нысандар мен инженерлік желілерді қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысу мақсатында жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды.
ҚР Үкіметінің басшысы өңірлік штабтар жұмысын тексеріп, «Көктем-1», «Көктем-2» ықшам аудандарындағы тұрғын үйлердің, мектеп, балабақша, темір жол вокзалы ғимараттарының, қалалық аурухананың қалпына келтірілу қарқынын көрді.
ҚР Премьер-Министрі сонымен қатар Халыққа қызмет көрсету орталығына барды. Түркістан облысының штабында Асқар Маминге Арыс қаласының тұрғындарына 100 мың теңгеден өтемақы төлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндалды.
Нысандарды аралау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Арыс қаласын қалпына келтіру мәселелері жөнінде кеңес өтті.
Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев қала тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсету аясында 650 аз қамтылған және көп балалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төлем жүргізілгенін хабарлады.
Қорғаныс, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, индустрия және инфрақұрылымдық даму, ішкі істер, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің басшылары әлеуметтік қолдау шаралары, медициналық қызметтер көрсету, тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Өз кезегінде Алматы облысының әкімі А. Баталов, Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев, Ақтөбе облысының әкімі О. Оразалин, Атырау облысының әкімі Н. Ноғаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Шымкент қаласының әкімі Ғ. Әбдірахымов бөлінген секторлардағы құрылыс жұмыстарының қарқыны туралы ақпараттандырды.
Бүгінде 676 тұрғын үйге жөндеу жұмыстары аяқталған. Қазіргі кезде барлық секторлар жұмыстармен қамылған, 3 040 жеке тұрғын үй құрылысы мен көпқабатты тұрғын үйлер нысандарында қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, 190 құрылыс компаниясы, 5 мыңға жуық құрылысшылар мен 207 арнайы техника жұмылдырылған. Әлеуметтік инфрақұрылым бойынша жұмыстар 66 денсаулық сақтау, білім беру, спорт нысандарында жүргізіліп жатыр.
Кеңесті қорытындылаған ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қаланы қалпына келтіру жұмыстарына еліміздің барлық өңірлері, ұлттық компаниялар, ірі бизнес өкілдері белсенді қатысып жатқанын айтты.
«Арыс қаласын қалпына келтіру бойынша барлық негізгі жұмыстар 1 тамызға дейін аяқталуы тиіс», – деді Асқар Мамин.
ҚР Үкіметінің басшысы зардап шеккен бизнес нысандарын, көлік және инженерлік инфрақұрылымды уақытылы қалпына келтіру жұмыстарын күшейтуді, медициналық қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылдауды және білім беру нысандарын жаңа оқу жылының басталуына дайындауды тапсырды.
ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі