«Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек», деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, бүгінде қандай да бір жетістікке жету үшін әлбетте білім керек екені белгілі. Ал білімді жастары бар елдің экономикасы берік, тәуелсіздігі мәңгі болатыны сөзсіз. Ахмет Байтұрсынұлы – өзінің саналы ғұмырын ұлт мүддесіне арнаған мемлекет және қоғам қайраткері. Төккен тері мен жазған еңбектерінің барлығынан өз халқының тағдырына жанашырлықтан туған жанкештіліктің, отаншылдықтың, биік парасат пен пайымның болмысы көрінеді. Біз Ахаңның тағылымға толы еңбектерінен ғылым, педагогика және экономикаға арналған пайымдарына ерекше назар аудармақпыз.
Ғылыми пайымдары
Ахмет Байтұрсынұлы ұлтының болмысын терең таныған ғалым. Яғни барша мұң-қайғысының, арман-тілегінің, жарқын болашағының қайдан екенін терең зерделеген және оған жетудің жолдарын да жақсы білген. Біздіңше, Ахаңның ғалымдығын екі түрлі ерекшелік бойынша бағалауымыз керек: біріншіден, ұлт қажеттілігін өтеуге арналған көркем шығармаларын жинақтап, жүйелеуде де ғылыми ойлау әлеуетінің кейбір қырлары көрініс береді. Халықтың сол тұстағы экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық, қоғамдық-психологиялық ахуалын терең зерделеп, соған лайық тақырыптардағы шығармаларды ұсынады. Екіншіден, қазақ ғылымының алтын бастаулары ретінде ғылыми-теориялық еңбектерінің маңызы аса жоғары.
Қазақтың арғы-бергі тарихынан терең сауатты болғандықтан, оның басындағы ахуалдың себеп-салдарын да жақсы түсінген. Қиындықтан құтқарудың жолдары ең бірінші халықты ояту мен білімге жетелеуде деп білді. «Халыққа не керек?» деген сұрақтың жауабын іздейді. Бодандықта тұрған жұрттың баршасына ортақ қиындық пен қазақ халқының басындағы ерекше тағдырдың арасында үлкен айырмашылық бар. Отарлаушы ел мен бодандықтағы халқының тұрмысы да, салты да, өмірлік ұстанымдары мен дүниетанымы да бір-біріне ұқсамайтын. Мұндай жағдайдағы қайшылықтың салдары бодан елге аса ауыр соққы болатыны белгілі. Тұрмысы, дәстүрі, тілі, жалпы алғанда, барша мәдениеті мен ұлттық психологиясы дағдарысқа ұшырайды. Ғасырлар бойы санасына сіңген дәстүрлері қолданыстан ығысып, жарамсыз күйге түскенде халық үлкен тығырыққа тіреледі екен. Тегі бөтен шаруашылыққа адамның бірден икемделе кетуі қиын, ақыл мен денеге тосын салмақ түскен соң қиналады, жасиды, оның ақыры бойкүйездікке алып келеді. Осылайша, қазақ халқының үстінен зіл қара күш басты, «қараңғылық» міні тағылды. Бүгінде «қазақ неден осындай болды?» деп, біз іздеп жүрген көптеген сұрақтардың жауабын Ахаң сол тұста терең түсінген еді.
Не істеу керек? Халықты ояту керек! Тың серпіліс керек! Қазаққа ең бірінші қандай әдіс қолданған жөн? Сөзбен әсер ету! Өйткені ұлы даланың батысы мен шығысын, оңтүстігі мен солтүстігін тұтастырып, бір ұлт ретінде сақтап келген сөз құдіреті болатын. Қазақ сөзге тоқтаған халық еді, сол қасиеті ешқандай заманауи техника мен технологиясыз-ақ халықты бір рухани орталыққа топтастырып отырған. Өзге жұрттың дәстүріне негізделген уақыт талаптарының құшағында жұтылып кетпес үшін өз дәстүрін, өз құндылығын жаңа заманға бейімдеу тәсілін қолға алды. Қазақ «қараңғылығы» неде? Қазақ тумысынан сауатсыз, өркениетке бейімділігі төмен емес, керісінше табиғи мәдениетке негізделген дүниетанымында адамзаттық деңгейдегі құндылықтар ұялаған, терең білімді игерген халық болатын. Батыстың материалдық құндылықтарға негізделген мәдениеті мен оның артындағы өз өктемдігін орнатуға құрылған қарулы күштердің алдында дәрменсіз күй кешкен халықтың ендігі үміті жаңа заманға бейімделуде ғана тұрған еді. Бұл тұрғыдан алғанда, «Қараңғылық бұлтын сейілту немесе ояну» деп жүргеніміздің өзі жаңа заманға бейімделу болатын, бізге басқа жол жоқ еді.
Осының бәрін ой елегінен өткізе келе Ахмет Байтұрсынұлы «Қырық мысал», «Маса» атты еңбектерін жариялады. Мұнда түрлі тақырыптағы мәселелер қамтылды. Мысалы, ынтымақ-бірлік туралы «Аққу, шортан һәм шаян», ойсыз мақтаншақтық туралы «Шымшық пен көгершін», «Емен мен қамыс», күншілдік туралы «Өгіз бен бақа» секілді аудармалар қазақ қоғамының сол кездегі жағдайына сай таңдалып алынған мысалдар болатын. Сол секілді маса болып ызыңдап, халықты ояту мақсатында жазылған «Маса» жинағында да халықты оятып, жаңа заман ұйықтап жатқанды кешірмейтінін және келер ұрпақтың қамы үшін жаңаша түлемесе болмайтынын ескертеді. «Сөз иесінен» атты өлеңінде:
Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп, қанаттары бұзылғанша,
Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса?! – деп, тоқтаусыз насихат, үндеу, шақырулар жүргізе беру керектігін ескертеді.
Ахмет Байтұрсынұлының өткен ғасыр басында қолға алған басты қаруы сөз өнері еді. Сөз өнерін ғылыми тұрғыдан саралап, теориялық негіздерін қалады, қолданбалық тұрғыдан халықты жарқын болашаққа шақыру құралына айналдырды. Тіл білімінің негізін қалады, тілді теориялық тұрғыдан жүйелеп, білім мазмұнына енгізді. Қазақ тілінің тазалығын сақтау үшін орасан зор еңбек етті. Ол өзінің «Өмірбаянында»:
«…Орынборға келгеннен кейін, ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім; одан кейін қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып, жеңілдету жолында жұмыс істедім, үшіншіден, қазақтың жазба тілін бөтен тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдердің жат әсерінен тазартуға әрекеттендім; төртіншіден, қазақ прозасын жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне ыңғайластыру үшін ғылыми терминдерді қалыптастырумен айналыстым» деген екен. Осы сөздердің бәрі де адал көңілден шыққан, шын ғалымның қалың бұқара алдындағы есебі іспетті.
Ұлт ұстазы қазақ әліпбиінің тамаша үлгісін жасап ұсынды және оны алмағайып заманда барша қазақ баласы өзінің тарихи төл жазуы ретінде қабылдады. Кирилл үлгісіне негізделген қазақ әліпбиі ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап ұсыныла бастаған болатын. Осы қауіптің алдын алу үшін Ахаң араб әліпбиіне негізделген өз үлгісін ұсынды. Өйткені араб әліпбиінде қазақтың тарихы, бірнеше жүзжылдықтарға созылған жазу мәдениеті, діні мен ділі тұр еді. Соны қорғау үшін бар мүмкіндігін жұмсап, жанкештілікпен еңбек етті. Өкінішке қарай, бұл жазуды біз сақтап қала алмадық, қазіргі кезде тек Қытай, Иран, Ауғанстан жерін мекендейтін қазақтар арасында қолданылып жүр.
Оның тілдік ұғымдарға берген анықтамаларының ғылыми тереңдігі, дәлдігі қазіргі ғылым үшін өте маңызды. Сонымен қатар зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, бастауыш, баяндауыш, пысықтауыш, шылау, сөз таптары, сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз т.б. ол жасаған жүздеген терминдер бүгінгі қазақ тіл білімі және басқа да пәндерге ұлттық сипат беріп тұрған баға жетпес құндылық. Ғалым ретіндегі басқа да ғылыми әлеуетін айтпағанда, осындай ұлы құндылықтарды дүниеге келтіру үшін аса үлкен жүрек және терең пайым мен парасаттың керек екенін ойша сезінеміз.
Педагогикалық пайымдары
Халықты ояту мен жаңа заманға бейімдеу ісінің маңызды бөлігі – оқыту ісі. Қазақтың оқусыз көсегесі көгермейтінін өткен ғасыр басындағы барша қазақ зиялылары айтса да, мәселеге кешенді түрде қарап, нақты жүзеге асыру үшін бел шешіп кіріскен Ахмет Байтұрсынұлы екенін ешкім жоққа шығармайды және де біз бұл еңбегін айрықша бағалауымыз керек. «Ұлт ұстазы» деген атағының өзі атқарған жұмысына сол кезде берілген баға. Ол ұлт болашағын оқудан іздеді. «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласында: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі… Қазақ ішіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқу ісімен түзеледі», деп атап көрсетеді.
Оқу ісі туралы мына ойлары бүгінгі күн үшін де аса маңызды: «Қазақтың оқу жұмысы бұл күнде школада: қазақ балаларының бір парасы орысша оқып жүр, бір парасы ескі молдадан оқып жүр, бір парасы соңғы замандарда ғана жаңа жолмен оқи бастады. Орысша оқығандарды оқыту һәм тәрбиелеу ғылымы оқыған адамдардың қолында. Орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек, керек болғанда қазақша оқығанның үстіне керек. Қазақша оқи, жаза білген соң, шама келсе орысша да білу қажет…» екенін айтады.