Start Қоғам ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ ТҮРКИЯ ЕЛІНДЕ ӨҢІРДІҢ ТУРИЗМІН НАСИХАТТАУДА

ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ ТҮРКИЯ ЕЛІНДЕ ӨҢІРДІҢ ТУРИЗМІН НАСИХАТТАУДА

Түркістан облысының делегациясы туризм саласы бойынша жетекші елдердің бірі Түркияда өңірдің туристік әлеуетін таныстырып, тәжірибе алмасуда. Road show форматындағы кездесулерді Ыстамбұл, Кайсері және Конья қалаларында ұйымдастыру жоспарланған.

Туристерді тарту мақсатында өтіп жатқан ақпараттық турда Түркістан өлкесінің тарихи-мәдени орындары, көрікті жерлері мен табиғаты жарнамаланды. Баршаға белгілі, Түркістан халықаралық әуежайынан Ыстамбұл бағытына тұрақты рейстер қатынайды. Сондықтан қос ел арасындағы іскерлік және достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту қажет. Түркістандық делегация құрамында облыстық мәдениет және туризм басқарма басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ЖШС-нің бас директоры Серік Сандыбаев, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің Әлеуметтік даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-ректоры Жақсылық Акимов, «Керуен сарай» мен «Top Tobe Grand Hall» кешендері, «Rixos Turkistan» және «Hampton By Hilton Turkistan» қонақ үйлері мен туристік агенттіктердің өкілдері бар. Сапар барысы ең әуелі Кайсері қаласының туристік бизнес және туристік агенттіктердің өкілдерімен кездесуден басталды. Онда Түркістан облысымен бірлесе отыра туристік маршруттар әзірлеу ұсынысы білдірілді. Атап айтқанда, «Ashab Turizm», «Küçük Turizmci», «Seruven», «Nero», «TatilciX», «Gezersoy», «Wyndham Grand Kayseri», «Germeya Travel», «Novotel», «Kayseri Erciyes», «Jolly» туристік агенттітердің жетекшілеріне жан-жақты мәліметтер ұсынылды. Арнайы бейнероликтер көрсетіліп, үнпарақтар таратылды. «ERCIYES UNIVERSITY» университетінің басшылығы мен Түркістан қаласында орналасқан Халықаралық туризм және меймандостық университетінің өкілі өзара пікір алмасты. Екі тарап туризм саласында білім беру бағыты бойынша бірлесіп жұмыс жасауға уағдаласты.Осы мақсаттағы іссапар Кония қаласының «Necmettin Erbakan» туризм бағытындағы университетінде жалғасты. Екі жоғары оқу орны арасында байланыс орнату, тәжірибе бөлісу, білікті мамандарды дайындау тұрғысынан келіссөздер жасалды. Аталған универсиеттің проректоры, профессор Әли Қаһраман бауырлас елдердің білім-ғылым алмасу бастамасын қуана қабылдады.

Түркияның туризм саласы дамыған негізгі нүктелері, яғни танымал қалаларында Road show ақпараттарды қажетті аудиторияларға жеткізуге басымдық берілуде. Түркістандық топ музейлерді де аралап, ерекшеліктерімен таныс болуда. Делегация бүгін ақпараттық турды Стамбұлда жалғастырады. Айта кетейік, іссапарды өткізуге Қазақстанның Түркия Республикасындағы Елшілігі ықпал етуде.