Түркістан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия пәні мұғалімі Тоқтамыс Нұрболат Үндістанның Жастар саясаты және спорт министрлігінің қолдауымен өткен «Орталық Азия және Үндістан» III Жастар Форумына Қазақстан делегаты ретінде қатысып, халықаралық дәрежедегі маңызды кездесулер мен тәжірибе алмасу алаңдарының біріне айналған форумда делегат болып қатысты.
Қазақстандық делегация үшін бұл сапар – білім мен ғылым саласындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға бағытталған маңызды қадам болды. Форум аясында Нұрболат Тоқтамыс пен делегация мүшелері Үндістанның беделді жоғары оқу орындарының бірі – Гоа менеджмент институтына (Goa Institute of Management – GIM) және әлемге әйгілі Индия технология институтына (Indian Institutes of Technology – IIT) барып, оқу үдерісімен, ғылыми-зерттеу бағыттарымен, инновациялық жобалармен танысты.
Сапардың тағы бір маңызды сәті – Қазақстан делегациясының Гоа штатының губернаторы мен бас министрімен кездесуі, сондай-ақ Үндістанның Сыртқы істер министрі Субраманиям Джайшанкармен болған ресми қабылдау болды. Кездесулер барысында екі ел арасындағы тарихи, мәдени және экономикалық байланыстар жайында сөз қозғалып, болашақтағы ынтымақтастық жолдары талқыланды.

Форум туралы әсерімен бөліскен Нұрболат Тоқтамыс:
«Үндістандағы форум мен үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан сәтті сапар болды. Форум аясында Орталық Азияның 5 елінен келген белсенді жастармен ой бөлісу, идея алмасу – менің кәсіби және тұлғалық дамуым үшін өте құнды тәжірибе болды. Сапар барысында Үндістанның бай мәдениетімен танысып қана қоймай, достық байланыс орнату мен халықаралық ынтымақтастықтың маңызын терең түсіндім», – деді.
Жастар саясаты, білім мен ғылым саласында халықаралық серіктестіктің дамуына өз үлесін қосып жүрген жас маманның бұл сапары – ұстаздардың көшбасшылық әлеуетін, кәсіби белсенділігін және халықаралық деңгейде ойлай алатын жаңа буын өкілдерінің қалыптасып жатқанын айқын көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейік, «Орталық Азия және Үндістан» жастары арасындағы мәдениетаралық байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырылатын бұл Форум 2022 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Аталған бастама Үндістан үкіметінің қолдауымен жүзеге асуда. Қазақстан делегациясы – Үндістан тарапынан арнайы іріктеуден өткен 20 жас көшбасшыдан құралады. Делегаттар қатарында әр саланың үздік өкілдері – ғалымдар, ұстаздар, кәсіпкерлер мен жастар көшбасшылары бар.