Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында ұсынылған республикалық «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында «Буккроссинг» («Өзің оқы да, өзгеге ұсын!») қоғамдық қозғалысының білім беру ұйымдарында да, қоғамда да белсенділік танытуда. «Буккросинг» идеясын ең алғаш рет АҚШ-та интернет-тех-нология маманы Рон Хорнбекер 2001 жылы ұсынған. Ол қоғамдық орында мынадай жазуы бар кітап қалдырды: «Бұл жоғалып кеткен кітап емес, мына сайтқа кіріп, оның бұрынғы иесін біле аласыз. Жарты жылдан кейін оның сайтында екінші рет дүниеге келген кітаптың жолын жалғастырған 300 белсенді пайдаланушы тіркелді. 2004 жылдан бастап «Bookcrossing» сөзі Оксфорд сөздігіне ресми түрде енгізілді.
Буккросинг (ағылшын тілінен аударғанда кітаптың айналыста жүруі, «өзің оқысаң, өзгеге табыс ет» қағидасына негізделген хобби) адам және кітап арасындағы байланысты жақындататын, кітап оқуға шақыратын қоғамдық қозғалыстардың бірі. Буккросингтің мақсаты – оқырмандар арасында «кітап алмастыру» акциясын жүргізу, әр түрлі жастағы оқырмандарды кітап оқуға шақыру және әлемді үлкен кітапханаға айналдыру. Буккроссингтің таралуына тоқталсақ: Бүгінгі күні бұл қоғамдық қозғалыстың мүшелерінің саны 1,5 миллион адамнан асады және олардан 13 миллион кітап тіркеуге жазылыпты. Бұл қоғамдық қозғалыстың халықаралық сайты www.bookcrossing.com «Букринг» – (ағылш. «Book» – «кітап», «ring» – «са-қина») букрейден ең басты айырмашылығы – кітап өзінің алғашқы оқырманына ай-налып келіп қайтарылуы тиіс. Әлем бойынша арнайы интернет жүйесі арқылы жұ-мыс жасайтын Букрингтің бірнеше түрі бар: «Кездейсоқ букринг» – Сіз кітапты ұсы-насыз, ал сайт жүйесі көрсетілген мекен-жайы арқылы келесі оқырманды таңдайды.
Оқылған кітаптарды шаңды сөрелерде жинап шаршасаңыз әрі лақтыруға қимасаңыз, одан шығатын жол бар. Бүгінде кітапсүйер оқырмандар арасында кеңінен танылған буккроссинг қозғалысына қосылу арқылы том-том кітаптарға екінші өмір сыйлай аласыз.
Арғы тарихқа көз жіберсек, француз философы Дени Дидроның: «Кітап оқуды қойған адам ойлауды да қояды», деген сөзі алдымыздан шығады. Белгілі Виктор Гюго да отандасынан қалыспайды. Оның жазуынша, нағыз интеллигент болып қалыптасу үшін адам жылына кемінде бір мың кітап оқуы керек екен. Ал өзіміз жаққа ойыссақ, алдымен қазақтың ұлы ғалымы Әлкей Марғұланның сөзі еске түседі. Академик ағамыз бір әңгіменің орайында: «Ғалым боламын деп он мың кітап оқыдым», депті. Әлекең бұл ретте кітаптың санына салмақ салып тұрмағаны белгілі, айтайын дегені кітап оқу арқылы білімдарлықты арттыру жайы болса керек. Сондай-ақ Әбекең, Әбіш Кекілбаевтың: «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана», деген қанатты сөзі бар. Ғұламалардың бұл пікірлерін сөз ләміне салғанымыз тегін емес. Осы арқылы кітап атты құдіретті біз де өзімізше өрнектеп, бағалағымыз келіп отыр. Өйткені дүниеде кітапты ештеңе ауыстыра алмайды. Қай заманда да кітап оқылады, оқылмай тұрмайды. Ақпараттық технология дәуіріндегі білімнің байсалды бұлағы да сол баяғы «киіз» кітаптарымыз болып қала беретіні сөзсіз. Кітапты құрметтеудің өнегелі үлгілері көп. Назарымызға іліккен соның біреуіне тоқтала өтейік. Мысалы, қазір Мәскеудегі Ресей мемлекеттік көпшілік тарихи кітапханасының босағасында «Оқырманға арналған он өсиет» көрнекі жерде ілулі тұр. Бұл 1919 жылы Украинадағы революциялық әскери комиссариат саяси басқармасы шығарған үгіт-насихат парақшасы екен. Оқып көрсеңіз ХХІ ғасырдың адамы үшін тым артық ақыл тәрізді… Бірақ кітапты құрметтей білетін елдер бұлай деп санамайды. Олар кітап туралы бір ауыз лебіздің қашан, қай жерде және қалай айтылса да ешқашан қадірі кетпейді деп біледі. Осыдан 92 жыл бұрын тасқа басылған «он өсиеттің» Мәскеудің іргелі кітапханасының ғимаратында көзге түсу себебі осында болса керек. Біз мұны кітапқа деген көзқарастың қай ғасырда да, қай дәуірде де өзгермейтіндігінің айғағы деп ұқтық. Осы «өсиеттердің» мазмұнын білу кім кімге де артық болмас деген ниетпен бұларды қазақша былай қалыптаған едік. Соларды оқып көріңіздер: «Кітапты ұстар алдында қолыңа қара, сенің саусағыңның ізінің кітапқа керегі бар ма? Кітапты оқып отырғанда түбін жоғары қаратып тастай салма, қайырып оқыма, бетіне шынтағыңды батырма, ол – барша жұрт пайдаланатын аса қымбат қазына; кітаптың ішіне газет, дәптер салма, кітап – зат салатын қалта емес; тамақ ішіп отырып не төсекте жатып кітап оқыма, кітап айрықша назар аударуды талап етеді; парақтаған кезде саусағыңды түкіріктеп, беттің шетіне тап берме, қағаз – темір емес. Келген жеріңді белгілеу үшін кітаптың бетін бүктеме, әрдайым салғы (закладка) салып отыр; кітапты сыздан сақта; дымқыл, ылғал, сыз – қағаздың ең басты жауы; мәтінге де, беттің ақ шетіне де, кітаптың түптемесіне де ешқандай белгі салма, ол – шағым кітапшасы емес; кітаптың беттерін жыртпа, суреттеріне қызығып, қиып алма, өйтіп рақымсыз болма; кітапхананың дүниесін үйіңе жинап, өзіңе мұрағат жасама, кітап басқаларға да керек, кітапты қайтаратын мерзіміңді ұмытпай жүр; тап-таза, сүйкімді кітапты қолыңа ұстағың келсе, ең алдымен оны өзің қорғап, сақта; кітап – досың, оны құрметтеп, жақсы көре біл.». Жалпы өскен ел, өсетін ел кітабын алға шығаратыны белгілі. Бұл дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстанға да тән. Баспасөз мәліметіне қарағанда, елімізде бір ғана «Мәдени мұра» жобасы аясында жыл сайын орта есеппен 400-ге жуық аталыммен жалпы таралымы 1 миллион дана кітап шығады екен. Сөз жоқ, мұны халық игілігіне ұсынылған зор қазына деп түсінеміз. Сонымен бірге, осы сүйсініске орайлас: «Жалпы шығып жатқан кітаптардың оқырманға жетуі қалай?» деген сұраулы сөйлемнің де өз-өзінен сұранып тұрғанын жасыруға болмайды. Кітап пен оқырман байланысын жетілдіруге, жақсы кітапты насихаттауға тікелей қатысы бар бұл сауалдың жауабын жалғыз біз емес, бүкіл әлем жұртшылығы іздестіруде. Мәселен, Еуропада «буккроссинг» деген қозғалыс бар. Ол бұдан оншақты жыл бұрын АҚШ-та әуесқойлық әрі қоғамдық қозғалыс түрінде пайда болған деп есептеледі. Ағылшын тіліндегі «буккроссинг» сөзі тура баламасында кітаптың азат етілуі деген мағынаны береді, орысшасы – «книговорот», қазақшаға аударылғанда «кітаптың айналыста жүруі» болып шығады. Аталған қозғалыстың мәні неде деңіз: кез келген адам өзі оқып шыққан соң белгілі бір кітапты жұрт көп жүретін жерде әдейі «ұмытып» кетеді; оны басқа бір адам алып оқиды, оқып болған соң, ол да сол жерде «ұмыт қалдырады», сөйтіп кітап үшінші адамның қолына тиеді, осылайша жақсы кітап «саяхатқа шығып», елге тарала береді… Бірер жылдан бері осы қозғалыс Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосібір, Тверь сияқты қалаларында байқалуда. Жан азығын жаңғырту үшін пайдасы бар аталған қозғалыс-тәжірибені біз де өз мақсатымызға орай орнықтыра аламыз. Мысалы, бүгінде бүкіл әлемге өнеге-үлгі бола бастаған Астанамызда осындай жаңа қозғалысты қолға алсақ, оны кейін республикамыздың басқа өңірлеріне таратуға болар еді. Шартты түрде «Астананың азат кітабы» не «Азат кітап» деп атап, зиялы қауымның, қарапайым оқырмандардың, қоғамдық ұйымдардың кеңінен қатысуымен кітаптың, әсіресе қазақ кітаптарының жұртшылыққа жетуін, халық арасында таралуын, жан-жақты насихатталуын өзімізше құруға жол ашылар еді. Ең бастысы – бұл идеяны мүдделі органдардың қолдауы керек. Сонда ғана оны әртүрлі формалармен байытып, жетілдіріп, отандастарымыздың жан дүниесін жаңартатын тың жұмыс бағыты ретінде қалыптастыруға болады. Жаппай кітап оқу азайып кеткен қазіргі заманда «буккроссинг» қозғалысын кітап пен оқырман арасын жақындатудың тиімді жолы ретінде іс-тәжірибеге айналдырудың ешқандай артықтығы жоқ. Егер адам кітапқа қарай жүргісі келмесе, онда кітаптың өзін адамға қарай жүргізіп, оны оқырман орбитасында шыр айналдыру, адамдардың кітапқа деген ықыласын ояту, рухани мәдениетін көтеру керек. Сондай-ақ Ресейде пайда болған «библиобустар» да – кітап тарату мен насихаттау жолындағы жаңалықтардың бірі. Анығына келсек, бұл ойдан шығарылған нәрсе емес, бұрыннан бар дәстүрді жаңғырту. «Библиобус» дегеніміз кәдімгі жылжымалы кітапхана. Бұрынғы Кеңес Одағында әсіресе 1941-1945 жылдардағы соғыстан кейін осындай кітапхана-автомобильдер көп болыпты. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында ғана Ресейде үш жүзден астам жылжымалы кітапханалар жұмыс істеген екен. «Библиобустар» Мәскеу көшелерінде 2007 жылдан бері қайта көріне бастады. Ақпарат көздері қазір оның АҚШ-та, Германияда, Англияда, Финляндияда және басқа елдерде кеңінен қолданылатындығын жеткізеді. Көшпелі кітапхана – «библиобус» – отырғыштары мен жолаушыларының орнына кітап сөрелері орнатылған кәдімгі автобус. Ол көше-көшені аралап, оқырмандарға кітап таратады, олардан тапсырыстар қабылдайды, мерзімдік басылымдарға жазылуды ұйымдастырады, оқырмандардың тікелей автобус ішінде отырып жаңа шығармалармен танысуына жағдай жасайды, бір сөзбен айтқанда нағыз кітапхананың рөлін атқарады. Қазіргі заманғы жылжымалы оқу-білім орталығы болған соң, әрине оның ғаламтор желісімен байланысы, бүгінгі талапқа сай басқа да керекті жабдықтары болатыны сөзсіз. Жалпы, соңғы жылдары іске асырыла бастаған «буккроссинг» қозғалысын, «библиобустарды» іргелес жатқан ірі мемлекеттің рухани саласына байсалды бетбұруының белгісі деп қарауға болады. Ресейліктер тіпті алғашқы отандық «библиобус» – автобустың үлгісін де жасап үлгерді. Айналып келгенде, «буккроссингіңіз» де, «библиобусыңыз» да кітапқа бағынады, кітап болмаса, олардың да мән-мағынасы жоқ. «Әр кітаптың өз тағдыры болады» деген ескі нақылға жүгінсек, сол тағдырды айқындайтын адам екендігі талас тудырмайды. Яғни, кітап оқылады не оқылмайды.
Осы орайда, облысымыздың білім беру ұйымдарында «Буккроссинг» («Өзің оқы да, өзгеге ұсын!») қозғалысы өз жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Аталмыш қозғалыс мектеп кітапханаларында, мектеп фойелерінде, мектеп аулаларында қозғалыстың жәшіктері орнастырылған. Қозғалыс жәшіктері қызықты кітаптарға: қазақ жазушыларының керемет туындылары, жергілікті ақын, жазушылардың керемет еңбектері, ертегі әлемдері, фантастикалар т.б. жанрлардағы әдебиеттерге толысты. Орта есеппен облыстық «Букроссинг»-тен 5000 данаға жуықтаған кітаптардың келіп-кетіп жатқаны анықталған. Оқушылардың кітап оқуға қызығушылықтары айтарлықтай артып отырғандығы қуантарлық жағдай деп есептеймін. Кітап оқу арқылы санамызды кеңейту басты міндетіміз екендігін де ұмытпайық. Кітапты сүю, жақсы көру, дос болу, оқу бәрі өзіңіздің қолыңызда.
Ақмарал ТЕМІРБАЕВА,
Түркістан облысы білім басқармасы «Білім беруді дамыту
орталығы» КММ-нің «Тәрбие және әлеуметтік психология»
кафедрасының кітапхана ісі әдіскері.