Түркістан қаласының өркендеуіне атсалысып келе жатқан, Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи университетінің ғылыми жұмыстарының бағыт-бағдарын жастарға үйретіп, қаламыздың әлеуетін көтеріп жатқан, отандық ғылымды өрістетуге үлес қосып келе жатқан, Түркістан қаласындағы үлкен ғылыми орда Ахмет Ясауи университетінің Ғылым және стратегиялық даму вице-ректоры университеттегі ғылымның даму бағыттары бойынша маманы Айнаш Ошибаевамен әңгімелескен едік. Қоғам өркениетіндегі өмірдің ерекше саласы ғылым екендігі белгілі. Ғылым адамзат тарихының өн бойында дами отырып, қоғамдық сананың дербес формасына айналады. Өйткені, қоғамдағы барлық мәселелер көбінесе ғылымның араласуымен шешіледі. Демек, білім мен ғылым бір-бірін толықтыра отырып, табиғат пен адамзат арасында байланыстырушы тізбек болып саналады.
– Айнаш Есімбекқызы, университеттің ғылыми жұмыстарының бағыт-бағдары, барысы туралы айтып өтсеңіз…
– Кез келген оқу орнының ғылым саласындағы қол жеткізген жетістіктері – сол университеттің шынайы әлеуетін көрсететін бірегей сала. Оқу орнымыздың өте маңызды әрі үлкен жауапкершілікті талап ететін ғылыми бағытта атқарған жұмыстары аз емес.Университетімізде ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруды және жүргізуді қамтамасыз ету негізінен мына мәселелерді қамтиды: іргелі, қолданбалы, іздестіру (бастамашыл) ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық, инновациялық жұмыстар, тапсырыс, бөгде ұйымдармен шарт бойынша ғылыми зерттеулер; оқытудың инновациялық технологияларын және ғылыми зерттеулер нәтижелерін оқу процесі мен өндіріске әзірлеу және енгізу; зерттеу қызметінің инновациялық инфрақұрылымын қалыптастыру, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру тетігін құру және енгізу; зерттеушілер мен әзірлеушілердің зияткерлік меншігі мен авторлық құқығын қорғау. Университет ғалымдары түркология, археология, дінтану, тарих, экономика, математика, физика, ақпараттық технологиялар, экология, электр энергетикасы, биотехнология, медицина және т.б. салаларда зерттеулер жүргізеді.
Бауырлас қос мемлекетке ортақ оқу ордамызда күні бүгінге дейін ғылыми дәрежесі әр түрлі деңгейдегі түркиялық 160-қа жуық оқытушы сабақ берген екен. Ал, енді Өкілетті Кеңестің қаржыландыруымен Түркия Республикасында магистратура, докторантура бағдарламаларын ойдағыдай бітіріп келген жастарымыз да аз емес. Олардың саны қазір елуге жақындап отыр. Жалпы, университетімізде оқытушы-профессор құрамы 1137 болса, оның ішінде 61 ғылым докторлары, 299 ғылым кандидаты және 126 PhD докторлар жұмыс істейді.
– Университет ғалымдарының халықаралық ғылыми журналдарда ғылыми мақалаларымен көріну деңгейі, жалпы оқу орнының ғылыми басылымдарының жайы қалай?
– Қазіргі ғалымдарға қойылатын ауқымды міндеттердің бірі импакт-факторы нөлден кем емес, Халықара-лық базадағы жоғары рейтингілі басылымдарға мақала жариялау болып табылады. Ғалымдарымыз өзіміздің ғылыми басылымдарда да мақалаларын жариялай алады. Қазақстандық және шетелдік ғылыми зерттеулердің, сондай-ақ талдамалық, ғылыми-көпшілік және өзге де материалдардың нәтижелерін жариялау мақсатында Ахмет Ясауи университетінің бірнеше ғылыми журналдар шығарылады. Олардың алғашқыларына «Ясауи университетінің хабаршысының» жарық көргеніне 25 жылдан асып барады.
Университеміздің ғылыми журналдарын одан әрі жетілдіру және ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің (КОКСОН) тізіміне енгізу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде «Ясауи университетінің хабаршысы» журналы КОКСОН тізіміне Педагогика ғылымдары және Филология бағыттары бойынша енгізілді. Қазіргі таңда аталған журналдың философия және тарих салаларын тізімге енгізу бойынша құжаттар министрлікке жіберіліп, сараптамадан өтуде.
Сондай-ақ, Университет Сенаты мәжілісінің қаулысымен «Ясауи университетінің хабаршысы», «Түркология», «Ясауи Хабарлары (математика, физика, информатика сериясы)» журналдарын Түркияның DergiPark базасына енгізу жөнінде шешім қабылданды. Бұл ретте, аталған журналдарды Халықаралық басылымдар базасына ендіру және оңтайландыру жұмыстары қарқынды жалғасуда. 2021 жылғы 20 желтоқсанда «Түркология» журналы DergiPark базасына енді. «Ясауи университетінің хабаршысы» және «Ясауи Хабарлары» журналдары да өз кезегінде өтінімдерін беріп, қазіргі таңда DergiPark базасына енді. Соңғы деректерге қарағанда DergiPark пайдаланушыларының орташа тәуліктік саны 100 000-нан асады және DergiPark базасында ғылыми мақала авторларының Халықаралық басылымдардың мол мүмкіндіктеріне ие бола алатыны сөзсіз.
2022 жылғы наурызда оқу ордамызда «Халықаралық және Dergı Park жүйесіндегі жарияланымдар» атты біліктілікті арттыру курсы сәтті өтті. Курсты Түркиядағы Билежик Шейх Эдебали университетінің ғалымы, доктор, доцент Адил Акынжы жүргізіп, курсқа университетіміздің ғалымдары және «Ясауи Хабаршысы», «Түркология», «Ясауи Хабарлары» журналдарының редакторлары мен жауапты қызметкерлері қатысып, 72 сағаттық білікті арттыру сертификатын алды.
Сонымен бірге, «Ясауи университетінің хабаршысы» журналының жарық көргеніне 25 жыл толуына орай, 2021 жылғы 14 желтоқсанда «Ғылыми журналдар жарияланымдарын өзектілендіру: әдіс-тәсілдері мен рәсімдеу талаптары» атты ғылыми-әдістемелік семинар ұйымдастырылды.
– Гранттық жобаларды ұтып алып, отандық ғылымды дамытуға үлес қосып жүрген ғалымдар туралы айтып өтсеңіз?
– ҚР БжҒМ Ғылым комитетінің Ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру бойынша 2020-2022 және 2021-2023 жылдарға жарияланған 7 конкурсқа жалпы 84 ғылыми жоба ұсынылып, 18 ғылыми жоба қаржыландырылды. Алдағы конкурстарға Факультет пен ҒЗИ-лардың ұсынысы бойынша 25 ғылыми жоба ұсынылып, қазіргі таңда сараптамадан өтуде.
ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру бойынша университетте 17 (жалпы қаржы: 2021 жылға – 173,5 млн. теңге) жоба бойынша ғылыми жұмыстар жүргізілді.
ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша университетте 1 (жалпы қаржы: 2021 жылға – 43,8 млн. теңге) жоба бойынша ғылыми жұмыстар орындалды.
ҚР БҒМ «Ғылым қоры» АҚ 2018-2021 жылдарға ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын қаржыландыру конкурсы бойынша 2 (жалпы қаржы: 2021 жылға – 187,9 млн. теңге) жоба бойынша жұмыстар жүргізілді.
2021 ж. қаражат 993 841 464 ₸ – университет бюджетінен (7 347,7 млрд ₸) – 13,5% құрайды.
2020 ж. қаражат 642 774 635 – университет бюджетінен (6 632,2 млрд ₸) – 10,7% құрайды.
– Жас ғалымдардың қадамдары, болашақ ғылыми кадрларды даярлау, ғылыми әлеуетті көтеру тұрғысында әңгіме қозғасақ…
– Жастар – біздің болашағымыз. Ақпараттық технологиялар қарыштаған ХХІ ғасырда жас маманның алған білімін ғылыммен ұштастырылуы да күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып табылады. Сондықтан жас ғалымдарды жаңа бағыттарға баулу да назардан тыс қалмаған.
Бұл ретте, 2022 жылғы ақпанда университеміз бен Young Researchers Alliance кеңесімен Ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.
2021-2022 оқу жылында өткен Студенттердің XХХ ғылыми-теориялық конференция бағдарламасына сәйкес, 32 секцияда 1039 студент баяндама жасады. Конференцияның нәтижелері ғылыми бағыттары бойынша 181 ғылыми жұмысты ҚР БжҒМ Республикалық студенттердің ғылыми-зерттеу конкурсына жіберу жоспарланды. Сондай-ақ ғылыммен айналысуға ынтасы бар және осы конференцияда жүлделі орындарды иеленген жастардың еңбектерін «Жас ғалым» атты ғылыми жинаққа жариялау жыл сайынғы дәстүрге айналған.
Осы орайда, 3 білімгеріміз 2021 жылғы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының студенттік шәкіртақы иегері атанса, 12 білімгер ҚР БжҒМ Республикалық студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша жеңімпазы болды. Ал, 19 студентіміз Халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары атанды.
Сондай-ақ, университет жас ғалымдарына ғылыммен айналысуға барынша мүмкіндік жасау мақсатында үстіміздегі жылғы наурыз айында университеттің «Постдокторантура бағдарламасының» Ережесі Сенат мәжілісімен бекітіліп, 2022-2023 оқу жылында алғашқы подстдокторантура бағдарламасына қабылдау жүргізу жоспарлануда.