Өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін тұлға тәрбиелеу мақсатында, мектебімізде құндылыққа негізделген, біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру мақсатында бала тәрбиелеуде аға-ұрпақ өкілдерін тарта отырып «Даналық» мектебі құрылды. Ай сайын «Даналық» мектебімен бірлесе отырып, жас ұрпақтың білімі мен мінез құлқын жақсарту, жан-жақты тәрбие беру баршамыздың ортақ мақсатымыз деп біліп, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей ата-аналарымыз да бала тәрбиесіне селсоқтық танытпай біріге жұмыс жүргізіп келеміз. Бала жаны нәзік, ойы адал, сезімтал да толқымалы. Адал ойға дақ салмай, дұрыс тәрбиелеу, ата-аналар мен ұстаздардың тынымсыз жұмыс істеуіне байланысты. «Ақ-қараны ажырату, жасөспірімнің желідегі әрекеті» деген мәселелер бойынша ауыл ақсақалдарын қатыстыра отырып, күрделі мәселелерді бірге шешіп, тәрбиеленушілерді кітап оқуға қызықтыру, ұялы телефоннан алшақтату, сөйлеу дағдыларын қалыптастыру мақсатында «Бір сынып, бір кітап» кітап оқу бойынша челлендж ұйымдастырылып жас ерекшеліктеріне сай әдеби кітап оқып, бірге талқылап, көрініс қойып, тыңдалым жасалды. Кітап оқу бұл бос уақытты тиімді өткізу ғана емес, тұлға болып қалыптасуына, рухани жан дүниесін байытып, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйрететін керемет дүние. «Kitapal» компаниясының президенті Данияр Жігітбектің және ауыл жастары С.Аташев, А.Тұрысбектің ұйымдастыруымен мектебімізге қазақ тіліндегі заманауи 50-кітапты сыйға тартты. Мектеп ұжымы, оқушыларымыз бас қосып сол кітап төңірегінде талқылап талданды. Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру ұлттық құндылықтарды насихаттау, салт- дәстүрді бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеу мақсатында «Асық ату» челленджі өткізілді. 2-8 сыныптар аралығында «Асық» ойынының барлық түрлерімен таныстырып, ойнатып, жарыстар ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде 6 «А» сынып оқушысы Беркінбай Ардақ Кентау қаласында оқушылар арасында ұйымдастырылған «Ханталапай» қалалық біріншілікке қатысып І орынды иеленіп, арнайы төсбелгімен марапатталды. Асық, бестас, дойбы, тоғызқұмалақ ойыны тәрбиеленушілерімізбен демалыс күндері жатақханада жарыстар өткізіліп отырады. «Бұрымды қыз – қашанда сұлу» сыныптар арасында байқау өткізілді. Сыртқы бейнесі, киіну үлгісі, мінез-құлқы сипатталып, нәтижесі қаралып, үздік сыныптар аталып өтілді.
ҚАЗІРГІ ЖАСТАР – ЕЛІМІЗДІҢ ЕРТЕҢІ
Қазіргі жастар халқымыздың болашағы, еліміздің ертеңі. Бүгінгі ұл балаларымыз, ертеңгі берік қоғамның негізін қалаушы. Ер балаларымызды ұлтжандылыққа қабілетті, білімді, спортқа икемді, еңбекке бейімдеу мақсатында «Жігітке жеті өнер де аз» сыныпаралық сайысымыз ұйымдастырылып отырады. Тәрбиеленушілерімізді жан-жақты дамыту, жазу, оқу арқылы ой өрісін кеңейту дағдыларын қалыптастыруға ықпал ету мақсатында сурет салу, шығарма жазу бойынша да сайыстар ұйымдастырылып өткізілді. Қазақтың ең орныққан қағидасының бірі – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ұрпақтарға ең үлкен тәрбиені де осы сөзбен бойына сіңірген. Үлкендеріміз өз ақылын айтып, ұжымды, оқушыларды ұйымшылдыққа, мейірімділікке, қамқорлыққа үйретеді. Соның нәтижесінде мектебімізде тәрбиеленіп отырған 365 оқушының барлығы бір атаның баласындай, бір-біріне сыйластық білдіріп, аға-әпке деп ізет көрсетеді. Алдағы уақытта да мектебімізді биіктерден көрсетіп, мектеп ұжымы, ата-ана, шәкірттеріміздің бірлескен күш-жігері мен ынтымақтастығының арқасында, нәтижеге қол жеткізіп, алға қойған міндеттерге бірге жетеміз деген сенімдеміз.
Гүлдана УРАЗБЕКОВА,
Қ.Рысбеков атындағы №5 негізгі орта мектеп интернатының директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.