Түркістан мен Шымкент қалалары Қазақстанның оңтүстігіндегі білім беру саласында ерекше орын алады. Бұл екі қаланың білім беру мекемелері арасындағы серіктестік, өзара тәжірибе алмасу және ортақ жобалар өңірдегі оқу сапасын арттырып, жастардың білімге деген қызығушылығын күшейтуде маңызды рөл атқарады.
Шымкент – еліміздің ірі мегаполисі ғана емес, сондай-ақ білім орталығы ретінде танымал. Қалада бірнеше ірі жоғары оқу орындары, колледждер мен заманауи мектептер жұмыс істейді. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Silkway халықаралық университеті сияқты оқу орындары аймақ жастарына жоғары білім алуға кең мүмкіндік береді. Шымкенттің мектептерінде заманауи технологиялар енгізіліп, білім беру стандарттары жаңартылып келеді.
Түркістан да білім беру саласындағы әлеуетін жыл санап арттырып келеді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті тек Түркістанның ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы. Бұл университетте Қазақстан ғана емес, Түркия және басқа да елдерден келген студенттер білім алады. Сонымен қатар, қалада колледждер мен мектептер саны артып, заманауи білім беру нысандары салынуда.
Түркістан мен Шымкент арасындағы білім беру саласындағы серіктестік соңғы жылдары белсенді түрде дамып келеді. Оқу орындары бірлескен конференциялар, семинарлар, ғылыми жобалар ұйымдастырып, өзара тәжірибе алмасуда. Мысалы, Шымкенттегі университеттер мен Түркістандағы оқу орындары арасында ортақ ғылыми зерттеулер жүргізіліп, студенттер мен оқытушылар алмасу бағдарламалары іске асырылуда.
Цифрландыру екі қаладағы білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Түркістан мен Шымкенттің мектептері мен университеттерінде қашықтықтан оқу жүйелері енгізіліп, электронды кітапханалар мен платформалар қолданылуда. Бұл тек өңірдегі студенттерге ғана емес, сонымен қатар шалғай ауылдардағы оқушыларға да білім алуға мүмкіндік береді.
Екі қалада да мектептер арасындағы бәсекелестік сапаны арттыруға оң әсерін тигізуде. Түркістан мен Шымкентте олимпиадалар, зияткерлік жарыстар, дебат клубтары белсенді түрде ұйымдастырылып, балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасалуда. Сонымен қатар, екі қалада да қосымша білім беру орталықтары (тіл курстары, IT-бағдарламалау, өнер мектептері) саны артуда.
Екі қаланың білім беру саласындағы ынтымақтастығы өңірдің болашағын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Түркістан мен Шымкент жастары білім сапасының артуы арқылы халықаралық деңгейде танылып, Қазақстанның зияткерлік әлеуетін арттыра алады. Ортақ жобалар мен бағдарламаларды көбейту арқылы бұл бағытты одан әрі күшейтуге болады.
Түркістан мен Шымкенттің білім беру саласындағы серіктестігі тек өңір үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды. Білім саласындағы инвестициялар, жаңа идеялар мен серіктестіктер бұл екі қаланы еліміздің оқу мен ғылым орталығына айналдыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы – жастарға сапалы білім беріп, олардың болашағына сенімді қадам жасауына жағдай жасау.
Президентіміз Жолдауында білім саласына айрықша көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысы «Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқарады.
– Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс. Депутаттар да ортақ істен шет қалмайды деп ойлаймын. Үкімет жайлы мектептерді арнайы басқару жүйесін енгізуді ойластыруы керек. Сонымен бірге еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет. Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуы керек. Мемлекет кепілді төлемдер үшін қыруар қаражат бөледі. Оның ішінде жекеменшік мектептерге берілетін қаржы да бар. Мысалы, 250 мыңнан астам бала оқитын жекеменшік мектептерге биылдың өзінде бюджеттен 134 миллиард теңге бөлінді» дейді.
Әрине бұл жобалар, бөлінген қаржы еліміздің болашағы мектеп оқушыларының жақсы білім алып, білімді азамат болып шығуына салынып жатқан инфестиция. Жалпы бүгінгі таңда мектептердің материялдық техникасы жақсарған. Оқу құралдарымен, компьютерлермен, арнайы мультемедиялық кабинеттермен, химия, физика кабинеттері арнайы зертханалармен жабдықталған. Бір атап өтерлігі барлық жүйе «Қазақстан цифрландыру» бағдарламасына енгізілген. Бұл игіліктерден Түркістан облысының білім ошақтары да тыс қалып отырған жоқ.
Түркістан облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтың айтуынша, Түркістан облысындағы 1082 орта білім беру мекемесі бар. Онда 554753 оқушы білім алуда. Шағын мектептерді қоспағанда 826 мектеп 2201 арнайы пән кабинетімен жабдықталған. Сондай-ақ, биыл облыстағы мектептердің кітапханалары 1 522 107 оқулықпен және 118359 көркем әдебиетпен толыққан.
-Президентіміз Жолдауында Қазақстан цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуге тиіс екенін атап өтті. «Электронды үкімет» платформасына жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу қажет. Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс. Бұл – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Парламент депутаттарын осы жұмысқа атсалысуға шақырамын» деді Мемлекет басшысы Жолдауында. Бүгінгі күні Түркістан облысындағы 915 мемлекеттік мектептің барлығы интернетпен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, өңірде 2024 жылы бюджет есебінен 50 мектептің құрылысы басталған болатын. Оның ішінде, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен – 29 мектеп, «Білім беру инфрақұрылымын дамыту қоры» және өзге де бюджеттер есебінен – 21 мектеп және жекеменшік 35 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жалпы облыста 2025-2027 жылдар аралығында 13 000 орынды 44 мектептің құрылысын жүргізілу жоспарланған. Ал, мектептерді жаңғырту жобасына облыстан 115 мектеп енгізілген, – деді Жандос Маханбетов.
Елімізде мектептердің жұмысын жақсарту шаралары қолға жақсы қолға алынған. Түркістан облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтың айтуынша, жалпы өңірдегі 915 мемлекеттік мектептің 719-ы жедел басқару орталығына қосылған. Бүгінде қалған білім беру ұйымдарын бейнебақылауға қосу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
-Президентіміз «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет» дейді. Түркістан облысында білімге жоғары талап қойылады. Оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін биыл облыстағы 217 елді мекенде 17 081 бала арнайы мектеп көлігімен мектепке тасымалданып жатыр. Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылында 11-сыныпты 31 367 түлек бітірсе, 24 538 түлек ҰБТ тапсырған. Оның ішінде жоғары оқу орнына түскендер саны – 19 126, грантқа түскендер – 11 044, – дейді Түркістан облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов.