Home Білім ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТА 100-ДЕН АСТАМ МЕКТЕП ЖАҢҒЫРТУДАН ӨТКІЗІЛЕДІ

ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТА 100-ДЕН АСТАМ МЕКТЕП ЖАҢҒЫРТУДАН ӨТКІЗІЛЕДІ

Түркістан облысында білім, денсаулық сақтау нысандарын салу және күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік нысандардың құрылыс барысы пысықталып, алдағы міндеттер талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары жауаптыларға өз міндеттерін сапалы атқаруды тапсырды.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздегі 1 300 мектепті жаңғыртудан өткізу туралы тапсырма берген болатын. Мектептерді жаңғырту жобасына облыстан 115 мектеп енгізілген. Тапсырмаға сәйкес 2025-2027 жылдары 115 мектептің ғимараттарын күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарлануда. Биыл өңірдегі 41 мектепте ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Өздеріңізге белгілі, өткен жылы облыста бюджет есебінен 50 мектептің құрылысы басталып, 26-сы пайдалануға берілді. Қалған 24 мектептің құрылысын биыл бекітілген кестесіне сәйкес жүргізіп, тамыз айына дейін аяқтап, тапсыру керек. Одан бөлек, биыл тағы бірнеше мектеп салынады деп күтілуде. Әрбір құрылыс нысанындағы жұмыстар бақылауда болсын. Қадағалаңыздар. Уақтылы әрі талапқа сай тапсырылуы тиіс, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Түркістан облысы білім басқармасының орынбасары Жандос Нұрпейісовтың айтуынша, облыста жалпы 1082 орта білім беру мекемесінде 554 753 оқушы білім алуда. Өңірдегі мемлекеттік мектептің 791-і типтік, 124-і ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Бүгінде облыста бюджет есебінен 5800 орынды 24 мектеп құрылысына қажеттілік бар. Сондай-ақ 7200 орынды 17 мектептің құрылысын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасымен салу жоспарлануда. Жалпы, 2025-2027 жылдар аралығында 12000 орынды 41 мектептің құрылысы жүргізіледі деп күтілуде. Қазіргі таңда, реновацияған еніп, 2025 жылы күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін 26 мектептің 3-еуіне «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен, 23-іне облыстық бюджет есебінен қаржы қаралған.

Облыстағы 1279 мемлекеттік білім нысанының 43-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған болса, 1 236-сы автономды жылыту қазандықтары арқылы жылытылады. Былтыр облыстағы 107 білім беру мекемесінің жылу жүйесі табиғи газға қосылған. Бұл жұмыстар білім саласынан үнемделген қаржысы есебінен жүргізілді. Осы жылы тағы 100 мектепте осындай жұмыстар жүргізіліп, оларға да үнемделген қаржы жұмсалады деп күтіліп отыр.

Кезекті баяндама жасаған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Кенжебаев өткен жылы өңірде 55 медицина нысаны пайдалануға берілгенін айтып, қазіргі таңда тозығы жеткен 58 нысанның қажеттілігі анықталып отырғанын жеткізді. Биыл аталған нысандарды зерделеп, маңыздылығына қарап, 25 нысанның мәселесін дайын ғимаратты сатып алу арқылы шешу жоспарлануда. Бірінші кезектегі жаңа құрылысты аса қатты қажет ететін нысандар тізімі қалыптастырылып, іске асырылады. Сонымен қатар биыл 4 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысында білім саласын дамыту, білім мекемелерінің инфрақұрылымын жақсарту, мектеп құрлыстарын жүргізу бағытында жұмыстар жалғасатыны айтлған еді. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың қатысуымен өткен жиналыста осы саладағы мәселелер баяндалып, 2025 жылы атқарылатын жұмыстар сараланды. Облыс әкімінің орынбасары өткен жылы жүйелі жұмыс атқарылғанын айтып, биыл білім саласындағы өзекті меселелерді шешуді және жұмыс қарқынын күшейтуді ескертті.

– Мемлекет басшысы Жолдауында республика көлемінде 1300 мектепті жаңғыртудан өткізуді тапсырған болатын. Тапсырмаға сәйкес, өңірде осы бағыттағы жұмыстарды іске асыруды тапсырамын. Биыл өңірдегі 41 мектепте ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өңірдегі 100 білім беру мекемесінің жылыту жүйесін қатты отыннан табиғи газға ауыстыру, облыстағы 105 мектептің ішкі әжетханаларын ретке келтіру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жалғасуы тиіс. «Қауіпсіз мектеп» жобасының толық іске асырылуы қолға алынып, білім мекемелеріне цифрлық жүйелерді енгізу бойынша нақты ұсыныс беріліп, тиісті жұмыс атқарылуы тиіс. Бөлінген қаржыны дұрыс игеріп, тиісті жұмысты уақтылы атқару керек. Білім саласын дамыту – басты назарда. Осы салада креативті ұсыныстарға ашықпыз, – деген облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы жауапты басшыларына жүктелген міндеттерді сапалы орындауды жүктеді.

Мәжілісте білім ұяларында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, балаларды жазғы сауықтыру лагерлерін жаңғырту, дабыл батырмаларын және бейнебақылау орнату, креативті іс-шаралар ұйымдастыру, оқу кабинеттерін жабдықтау, цифрлық жүйеге көшу, интернет желісімен қамтамасыз ету және өзге де мәселелер айтылып, тиісті тапсырмалар берілді.