Түркістан өңірінің үздік педагогтары басшылық қызметке конкурссыз тағайындалады. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы бойынша 43 түркістандық педагог кадрлық резервке өтті. Олар көшбасшылық, кәсіби және басқарушылық дағдыларын жетілдіріп, арнайы сертификатқа ие болды. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев резервшілермен кездесті.
– Білім беру саласында оң өзгерістер көп. Бірқатар бағыттарда талап күшейді. Былтырдан бастап мектеп директорлары тікелей эфир арқылы ашық жүйеде тағайындалып келеді. Бұл бастама сыбайластық жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға және азайтуға, түрлі кедергілерді тоқтатуға, әділетсіздікке тосқауыл қоюға және бірінші басшылық лауазымына лайықты азаматтардың қабылдануына септігін тигізіп жатыр. Кәсіби педагог кадрларының басқаруы – білім сапасының артуына тікелей байланысты. Ендігі кезекте кадрлық іріктеуге қатысып, сертификат алған педагогтарды яғни Сіздерді конкурстық рәсімсіз басшылық қызметке тағайындай аламыз. Тәжірибелеріңіз бен дарындарыңызға үміт артамыз. Сенімді ақтайды деген ойдамыз. Осылай кезең-кезеңімен кадр мәселесін шешеміз. Өңір әкімінің қолдауымен ұстаздаға ерекше құрмет көрсетілуде. Бұл жұмыстар одан әрі жанданады, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Жиында облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекова қатысушыларды алаңдатқан сұрақтарға жауап берді. Резервке өткен педагогтар директордың орынбасары бола алады. Ал орынбасарлық қызметте жүрген көшбасшылар мектеп директорлығына тағайындалады.
Оқу-ағарту министрілігі тарапынан білім сапасын арттырудың бес негізгі бағытын айқындалған. Оның ішінде тиімді менеджментті дамытуға және кадрлық резервті құруға ерекше басымдық берілген. 6 айға созылған процесс 5 кезеңнен тұрды. Атап айтқанда үміткерлер құзіреттерді бағалау бойынша тестілеу, жетекші мектептердегі тағылымдама, қорытынды бағалау және республикалық комиссияда әңгімелесуден өтті. Іс-шараларды Педагогикалық шеберлік орталығы жүргізді.
Айта кетейік, Түркістан облысында 2023 жылы 26 педагог резервте болған. Оның 23-і бос лауазымға конкурстық рәсімсіз орналасқан. Биыл жобаға қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көбейген.
Осы орайда оқырмандар назарына облыс бойынша білім саласындағы жағымды жаңалықтарды ұсынып отырмыз!
ОҚУШЫЛАР ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП ЛИГАСЫНДА 4 ЖЫЛ ҚАТАРЫНАН ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ
“Ұлттық мектеп лигасы” республикалық деңгейде өтіп, командалық спорт түрлерінен сынға түсіп, үздіктер анықталды.
5-6 сыныптар арасында Семей қаласында (127 оқушы қатысты), 7-8 сыныптарарасында Астана қаласында (127 оқушы қатысты), 9-11 сыныптар Қызылорда қаласында өтті (153 оқушы қатысты).
Қазіргі таңда Семей қаласындағы 5-6 сыныптар арасындағы жарыстың қорытынды кезеңі бойынша Түркістан облысының оқушылары жалпы командалық есепте І – орынды жеңіп алды.
2023 -2024 оқу жылында Облысымызда “Ұлттық мектеплига” жарысы спорттың 10 түрінен өткізілді. Осы кезеңде 44 сайыс өтіп, оған 475 командадан 4244 оқушы қатысты. Оның 2005-і қыздардан, 2 239 ұлдардан құралған.
Ұлттық мектеп лигасын өткізу барысында 144 кубок, 1307 медаль сарапқа салынды. Оның ішінде 434 алтын, 444 күміс және 429 қола медаль әзірленген. Облысымызда Ұлттық мектеп лига жарыстары жоғары деңгейдеұйымдастырылып өтуіне байланысты Республикалық кезеңдерде оқушыларымыз топ бастап тұр!
Облысымыз төртінші жыл қатарынан республика бойынша жалпыкомандалық есепте 3 жас ерекшелік бойынша 1 орында келе жатыр.
БІЛІМ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ҚАТЫСУЫМЕН КЕҢЕС ӨТТІ
Мемлекеттік сатып алулар – өте үлкен экономикалық ресурс. Оны дұрыс пайдалану керек. Бізде бұл үлкен проблема. Сатып алуларды бәсекесіз жолмен алып жүргендердің үлесі әлі де басым. Осы саладағы сыбайластық, жасырын өткізу және бағаны жоғары қою мәселелерімен шұғыл түрде айналысу қажет.
Осы орайда, Түркістан облысының білім басқармасының мәжіліс залында білім саласы қызметкерлері Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті.
Жиын барысында Жоспарлау кезіндегі бағаны тым көтеру тәуекелдеріне тоқталып өтті. Бұл тұрғыда, Департамент тарапынан мекемелердің сатып алу жоспарына Мемлекеттік сатып алу саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және алдын алу мақсатында Департаментпен «Бірыңғай сатып алу терезесі» веб-порталының ақпаратын талдау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг тұрақты түрде жүргізіліп отырады.
Жыл басынан бері енгізілген ұсыныстардың негізінде жоспарланған бағалар қайта қаралған.
Айта кетейік, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен жүргізілген мониторинг нәтижесімен мемлекеттік сатып алуды жоғары бағаға көтерген мекемелерге жылдық мемлекеттік сатып алу жоспарларына өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жолданып, сатып алу жоспарлары қайта қаралды.
Сонымен қатар, Түркістан облысының Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі антикор еріктілермен бірлесіп, бағаны көтеру тұрғысынан мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізді.
ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР АРҚЫЛЫ МАТЕМАТИКА МЕН ФИЗИКАҒА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ АРТТЫ
Қазығұрт ауданының білім бөліміне қарасты А.Байтұрсынов атындағы жалпы білім беретін мектеп базасында математика және физика пәнінің мұғалімдеріне арналған «Нысаналы мектептерде математика және физика пәндері бойынша инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, жеке тұлғаның қызығушылығын арттыру» тақырыбында аудандық семинар өтті.
Мақсат – нысаналы мектептерде математика және физика пәндерін оқыту сапасын арттырудың тиімді әдістерін қарастыру, жаңа технологияларды және жасанды интеллектіні сабақта пайдалану.
Семинарда физика пәнінің мұғалімі М.Жұмабаева, математика пәнінің мұғалімі С.Айтмырза «Сабақта оқытудың жаңа инновациялық әдістерін енгізе отырып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту» және математика пәнінің мұғалімдері М.Жақсыбаева мен Н.Сары «Жасанды интеллект: білім берудегі жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында шебер сынып өтті.
Іс-шара қорытындысында мектеп директоры С.Бөрібаев, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Н.Ешанқұлова, әдістемелік кабинет меңгерушісі А.Шерова, әдіскер Г.Нұрымбетова қатысушылармен кері байланыс жүргізді. Ұстаздар өткізілген сабақтарға талдау жасап, бір-бірімен тәжірибе алмасты.
«ӘДІСТЕМЕДЕН – ӘСЕМДІККЕ» АТТЫ ЭСТЕТИКАЛЫҚ ПӘН ӘДІСКЕРЛЕРІНІҢ ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ
Түркістан облысы «Білім беруді дамыту орталығы» КММ-нің 2024-2025 оқу жылына арналған жоспарына сәйкес, Түркістан қаласындағы М. Шоқай атындағы №24 жалпы білім беретін мектеп базасында эстетикалық пән мұғалімдеріне арналған Мақтаарал аудандық білім бөлімі эстетикалық пән әдіскерлерінің ұйымдастыруымен «Әдістемеден – әсемдікке» атты іс-шара өткізілді.
Мақсат – аудандағы эстетикалық пән мұғалімдерінің шығармашылық-теориялық деңгейін анықтау, ең үздік шығармашылықпен жұмыс жасайтын көркем еңбек және музыка пәні мұғалімдерінің жұмыстарын көрсете отырып ұлттық төл өнерімізді сақтап, дамыту жолында еңбек етіп жүрген ұстаздардың жұмыстарын өскелең ұрпаққа таныту.
Өңіріміздің аудан, қалаларынан келген пән әдіскерлері мен мұғалімдер қауымының басын қосқан жиын – пән күндерінің салтанатты ашылуымен бастау алды.
Іс-шараны ББДО «Орта білім беру» кафедрасының жетекшісі Өтеген Бекет Үсенбекұлы ашып берді. Облыстық қосымша білімді дамыту орталығының директоры Ешенқұлов Бақытжан Қабайұлы, ББДО әдіскері Нұғман Архабаев қатысып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аталған бағдарлама шеңберінде Мақтаарал ауданы, көркем еңбек пәні мұғалімдерінің қолөнер және көркемөнер туындыларының көрме жұмыстары таныстырылды. Сонымен қатар, «Педагогтардың ақпараттық-коммуникациялық және технологиялық құзіреттілігін нейрожелі арқылы арттыру», «Музыка сабағында жасанды интеллектіні қолдану саласы», «Музыка сабағында жаңа технологияларды пайдалану» тақырыптарында шебер сыныптар ұйымдастырылды.
Содан соң Мақтаарал аудандық музыка пәні мұғалімдерінің «Қазақстан – тәуелсіз Отаным менің!» атты іс-шарасына ұласты. Осылайша «Әдістемеден – әсемдікке!» шарасы өз жұмысын жоғары деңгейде қорытындылады.