Home Білім ТҮРКІСТАН: БІРЕГЕЙ ЖОБА БІЛІМ САЛАСЫНА ТЫҢ СЕРПІН СЫЙЛАДЫ

ТҮРКІСТАН: БІРЕГЕЙ ЖОБА БІЛІМ САЛАСЫНА ТЫҢ СЕРПІН СЫЙЛАДЫ

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 3 білім ұясының құрылысы толық аяқталып, жақын күндері пайдалануға беру жоспарланған.

Өңірде дәл осындай 29 мектеп соғылуда. Онда 20 мыңнан астам оқушы білім алатын болады. Заманауи талаптарға сай жабдықталған білім ошақтары Президент бастамасымен салынып жатыр. Барлық жауапты басшылардың басын қосқан Түркістан облысының әкімі құрылыс барысын пысықтап, жұмысты ширатуды тапсырды.

– Басты назар – сапада. Жұмысты жеделдетіп, дер кезінде тапсыру керек. Ашылуға дайын мектептердің инфрақұрылым желісіне қосылуын жіті қадағалаған жөн. Ерекше жобаның құрылысы қатаң бақылауда тұр, – деді облыс әкімі.

Жиналыста ауыл мен қалада бірыңғай жобамен салынып жатқан білім ұяларының құрылыс барысы туралы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Ұлттық жобаны іске асыру департаментінің Түркістан облысы бойынша өңірлік басшысы Сәкен Әшірбаев баяндады. Мәлімдеуінше, жыл соңына дейін кестеге сәйкес жоспарланған мектептер толық тапсырылады.

Сондай-ақ мердігерлердің пікірі тыңдалып, тиісті тапсырмалар жүктелді. Жаңа мектептердің инфрақұрылымы бойынша әр мердігерден жеке-жеке есеп алынды. Қазіргі таңда өңірде ұлттық жоба бойынша салынған бір мектеп тапсырылды.

ТҮРКІСТАНДА 2 МЫҢ ОҚУШЫҒА АРНАЛҒАН «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» АШЫЛДЫ

Түркістанда «Жайлы мектеп» жобасы аясында тағы бір мектеп ашылды. 2 мың оқушыға арналған білім ұясы «Жаңа қала» ықшамауданында бой көтерді. Мұнда балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынған білім ұясының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен білім саласының ардагерлері қатысты.

– Еліміздің болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінгі таңда елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданып, заманауи, озық үлгідегі білім ошақтары салынуда. Бұл бастама апатты және үш ауысымдық мектептер мәселесін шешіп, оқушы орындарының тапшылығын жояды. Сіздердің мектептеріңіз жай ғана жаңа ғимарат емес. Бұл – даму мен оқу үшін тамаша жағдайлар жасалған орын. Жаңа білім ордасының ашылуы құтты болсын! – деді бұрынғы облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Аталған білім ордасы қаладағы 2 мектептегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Түркістан қаласының «Жаңа қала» аумағында салынған 4 қабатты білім ордасындағы физика, химия, биология және робототехника кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталған. Білім алушылардың жан-жақты дамуы үшін мектепте спорт залдары, шеберлік залдары, зертханалар мен демалыс аймақтары ұйымдастырылған. Жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылған. Бастауыш пен жоғары сынып оқушылары жекелеген блоктарда оқиды. Балалардың жас ерекшелігіне орай блоктардың әрқайсысы оқу сыныптарымен, санитарлық тораптармен, спорт залдарымен және жеке шкафтармен қамтылған.

Айта кетейік, елімізде «Жайлы мектептердің» басым бөлігі Түркістан облысында салынуда. Қазір өңірде 29 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның үшеуі ашылып үлгерді.

САУРАНДА «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЕЛ ИГІЛІГІНЕ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысы, Сауран ауданында жаңа мектеп есігін айқара ашты. Нысан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған. Еңбекші диқан ауылында орналасқан білім ордасы 600 орынға шақталған.

Мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, оқушылар мен ұстаздар қауымын құттықтады. Өңір басшысы оқушыларға оқуда озат болуын тілеп, ұлттық жобаның маңыздылығына тоқталып өтті.

«Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінгі таңда елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданып, заманауи, озық үлгідегі білім ошақтары салынуда. Бұл бастама апатты және үш ауысымдық мектептер мәселесін шешіп, оқушы орындарының тапшылығын жояды. Биыл облысымызда жалпы қуаттылығы 17800 орынды құрайтын 29 жайлы мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Біз білім саласына қолдауды жалғастырамыз», деді өңір басшысы.

Оқу ұясының жабдықталуы мен қауіпсіздік деңгейі заман талабына жауап береді. Бастама еліміздегі апаттық, үш ауысымды мектептер мен орын тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Білім ордасы жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынды. Мектеп физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталған.

Айта кетейік, биыл Түркістан облысында 50 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтерген. Бұған дейін де осы жоба арқылы Түркістанда бір мектеп тапсырылған.

САЙРАМДА ЖАҢА 600 ОРЫНДЫ МЕКТЕП ҒИМАРАТЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Сайрам ауданы, Манкент ауылдық округіндегі “Айнабұлақ” негізгі орта мектебі ел игілігіне пайдалануға берілді. 600 орынға шақталған білім ұясы облыстық бюджет есебінен салынды.

Білім ордасының ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды қос мерекемен құттықтап, ұстаздар мен оқушыларға сәттілік тіледі.

Оқу ғимараты 3 қабаттан тұрады. Заманауи үлгіде салынып, материалдық-техникалық базасы талапқа сай жабдықталған. Мектепте

асхана, оқу және зертхана бөлмелері, спорт залдары соңғы үлгіде жасалған. Ұлдар мен қыздарға арналған шеберханасы мен арнайы дәрігерлік кабинет қарастырылған. Информатика мен робототехника сыныптары ба бар.

Айта кетейік, Түркістан облысында биыл 50 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның екеуі “Жайлы мектеп” жобасы аясында пайдалануға берілді.

КЕЛЕСТЕ 300 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысы, Келес ауданы, Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Көгерту елді мекенінде 300 орындық мектеп пайдалануға тапсырылды, деп хабарлады 

Білім ордасының ашылу салтанатына облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, оқушылар мен ұстаздарға сәттілік тіледі.

– Мемлекет басшысы «Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек» дей келе білім сапасын жақсарту, ұстаздар мен оқушыларға қолдау көрсетуді тапсырды. Осы тапсырманы орындау мақсатында өңірде білім саласында ауқымды жұмыс атқарылуда. Биылдың өзінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 29 мектеп және облыстық бюджет және арнайы қордың қаржы көздерінен 21 мектеп салынуда. Бұл 50 мектеп пайдалануға берілгенде өңірдегі апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі шешілетін болады. Бұдан бөлек, алғашқы рет көптен бері жөндеу көрмеген 300-ден астам мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл қолдаулар ұстаздарға шабыт береді және жас ұрпақтың сапалы білім алуына оң ықпал етеді деп есептеймін. Біз оқу-тәрбие жұмыстарына қолайлы жағдай жасау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдаймыз. Бүгінгі ашылғалы отырған жаңа мектебіміз көршілес жатқан ауылдарда тасымал арқылы білім алып жүрген оқушыларымыздың мәселесін шешеді. Осы жаңа мектептің табалдырығын аттағалы отырған оқушыларымыз үздік оқып, ел үмітін ақтап, отаншыл азаматтар болатынына сенемін. Жаңа білім ордасының ашылуы құтты болсын! – деді Дархан Сатыбалды.

Нысан Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен салынды. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың қазан айында бастаған. Жалпы жер көлемі 1,96 гектарды құрайды.

Жоба құны – 1,9 млрд теңге. Бұл мектепте Көгерту ауылында және осы елді мекеніне жақын орналасқан ауылдарда тұратын оқушылар білім алады. Айта кетейік, Келес ауданының білім бөліміне қарасты 63 мектепте 33 669 оқушы білім алуда. Ауданы бойынша 2023-2025 жылдар аралығында 5 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мектеп, жергілікті бюджет есебінен 2 мектептің құрылысы жүргізілуде.