Home Білім ТҮРКІСТАН: БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ДАМЫТУ ШАРАЛАРЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

ТҮРКІСТАН: БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ДАМЫТУ ШАРАЛАРЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Түркістан облыстық әкімдігінде Шардара аудандық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты анықталған бірқатар заң бұзушылықтар туралы ұсынуларды қарау бойынша мәжіліс өтті. Онда аталған білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топтың бюджеттен аса ірі көлемде қаржы жымқыру фактісі бойынша ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексінің 200-бабына сәйкес қылмыстық іс бойынша мәселелер талқыланды. Жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы Мұрат Төлеубаев, облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысты.

– Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін нақты атап өтті. Өздеріңізге белгілі, кейінгі жылдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы көптеген реформалар жарияланды. Бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін және оған қарсы тиісті іс-қимыл шараларын қолданбағаны үшін жауаптылық тікелей бірінші басшыға жүктелген. Қолданыстағы Заң талаптарына сәйкес, әрбір мемлекеттік орган басшысы өз ұжымында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында тұрақты түрде түрлі шараларды қабылдап отыруы міндетті, – деген Мұрат Ахтанұлы жауапты басқармаға департаментпен бірлесіп осы бағыттағы жұмысқа күш салуды ескертті.

– Бүгінде облысымызда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмыстар жүйелі түрде қарқынды жүргізіліп жатқандығына қарамастан, осындай оқиғалардың кездесетіні өкінішті. Жаңа жүйеге көшкенімізбен де кейбір аудандарда фактілер тіркеліп отыр. Сондықтан әрбіріңіз өз ұжымыңызда жемқорлықтың алдын алу бойынша тиісті шараларды қабылдап отыруларыңыз қажет. Әрбір қызметкеріңіз үшін Сіздер де жауаптысыздар, тиісті қадағалау, тексеру жұмыстарын барынша күшейтуді тапсырамын – деген Бейсенбай Дәулетұлы міндеттерді адал атқаруға шақырды.

Мәжіліске облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов қатысып, баяндама жасады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Сұлтанбек Шотарбай жүргізілген мониторинг бойынша баяндады. Мәжіліс соңында онлайн қатысқан аудан, қала әкімдерінің сала бойынша жетекшілік ететін орынбасарларымен білім бөлімінің басшылары сауалдар қойылып, ұсыныстар пысықталды.

Айта кетейік, Түркістан облысының білім саласында жалпы мекемелер қазынашылық департаменті арқылы код ашылып, қаржыландырылады. Бүгінде бухгалтерлік сүйемелдеу жүргізу бойынша барлық аудан, қалаларда орналасқан мектептердегі тиісті мамандарды оқыту және қызметкерлердің мәліметін енгізу жұмыстары бойынша, Басқарма қызметкерлері мен Департамент мамандарының қатысуымен мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Бірлескен жұмысшы топ аудан, қалаларды аралап, сала басшылармен, есепшілермен кездесулер өткізуде. Үш ай көлемінде мамандар қаржылық білім саласының жаңа жүйесі бойынша оқытылды.

Түркістан облысында білім саласын дамыту, білім мекемелерінің инфрақұрылымын жақсарту, мектеп тапшылығын жою бағытында жұмыстар жалғасуда. Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы саладағы жұмыстар баяндалып, кемшіліктер де айтылды. Түркістан облысының әкімі сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

– Білім саласындағы өзекті мәселелерді шешуді тапсырған болатынмын. Мектептердің оқу кабинеттерін жабдықтау, құрылысын уақтылы жүргізу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жалғасуы тиіс. Білім мекемелеріне цифрлық жүйелерді енгізу бойынша нақты ұсыныс беріліп, тиісті жұмыс атқарылсын. Бөлінген қаржыны дұрыс игеріп, тиісті жұмысты уақтылы атқару керек. Біз бұл саладағы жұмыстарды қатаң бақылауда ұстаймыз, – деген өңір басшысы жауапты басшыларға жүктелген міндеттерді сапалы орындауды жүктеді.

Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекованың мәлімдеуінше, биыл облыстағы 107 білім беру мекемесінің жылу жүйесі табиғи газға ауысты. Оған білім саласынан үнемделген бюджет қаржысы есебінен 2,2 млрд. теңге (79 мектепке – 1,85 млрд. теңге, 28 балабақшаға – 350 млн. теңге) қаржы қаралған. Қазіргі таңда 107 мекемдегі жұмыс толық аяқталып, мекемелер табиғи газға қосылды. Нәтижесінде табиғи газға қосылған білім нысандарының саны 800-ге жетті. Бұл жұмыстар көмірге деген сұранысты 79 мың тоннаға дейін төмендетіп отыр. Ал 2025 жылы тағы 100 білім беру мекемесінің жылыту жүйесін қатты отыннан (көмір) табиғи газға ауыстыру жоспарлануда. Оған болжаммен 2 млрд. теңге қаржы қажет. Бұл жұмыстарды білім саласынан үнемделген бюджет қаржысы есебінен шешу жоспарланып отыр.

Облыста балалардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында іс-шаралар бекітіліп, тиісті жұмыс жалғасуда. Нәтижесінде ерте жүктілік, жасөспірімдер арасындағы суицид пен қылмыс дерегінің төмендегені байқалған.

Балалар үшін 30 жазғы сауықтыру лагері (9 мемлекеттік, 21 жекеменшік) қызмет көрсетті. Жазғы сауықтыру жұмыстарын жүйелеу, лагерлерді орталықтандыру арқылы мемлекеттік лагерлерде жаз маусымында қосымша 9 мыңнан аса баланы қабылдау көзделуде.

Жыл басында мемлекеттік тапсырыс орналастырылған 1432 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мониторинг жүргізілді. Жалпы облыстағы балабақшаларда 155 992 бала тәрбиеленуде. Мониторинг нәтижесінде мектепке дейінгі ұйымдар есебіне алынған кейбір балалардың балабақшаларға мүлдем келмейтіні және оған білім бөлімдері арқылы төлем жүргізілгені анықталды. Анықталған кемшіліктер бойынша облыстық білім басқармасы жанынан құрылған комиссия мақсатсыз 7422 мемлекеттік тапсырысты қысқарту туралы шешім қабылдаған. Мәжілісте мектептерді жаңғырту жобасына енгізілген білім ұяларын жөндеу, асханаларын реттеу, оқу кабинеттерін жабдықтау және өзге де мәселелер айтылып, тиісті тапсырмалар берілді.

Түркістан облысында білім саласы бойынша оқушылардың қажеттіліктерін сапалы әрі уақтылы үйлестіру және мемлекет қаржысын мақсатты пайдалану үшін саланы цифрландыру жұмысы күшейе түсті. Аталған бағыттағы жұмыстар Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды.

– Өңірдегі балабақшалар, мектептер және колледждер толық цифрландыруға өтуі тиіс. Бақылау, талап күшейтіледі. Студенттері оқуға келмейтін, оқу процесін үйлестіре алмайтын колледж басшыларын ауыстыру мәселесін қарастырыңыздар. Оқушылардың мектепке келуін, мектеп асханасының жұмысын қадағалауды цифрландыру бойынша ортақ бір жүйені қолданып, оны жауапты басқармаға интеграциялау қажет, – деген өңір басшысы тиісті басқарма басшыларына ицфрландыру ісін бірлесе атқару жөнінде тапсырмалар берді.

Мәжілісте Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов, Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабеков баяндама жасады. 2024 жылдың соңына дейін мемлекеттік-жекешелік әріптестікке берілген 458 мектеп (420 мектеп, 38 мектеп-интернат) асханасының 210-ына ақпараттық бағдарламалық комплекс (АБК) орнатылып, «Әлеуметік әмиян» жобасымен толық интеграция жасалады. Қалған 248-і «Бизнес әмиян» жүйесіне енгізіледі. 2025 жылдың қаңтар айынан бастап, 2 ай мерзімде оларға АБК орнатылып, интеграция жасалмақ. Одан басқа 457 мектепке «Бизнес әмиян» енгізу жұмыстары жүруде.

Облыстағы мемлекеттік 264 мемлекеттік балабақшада балаларды түгелдеу функциясын атқаратын арнайы құралдар мен камералар орнатылуда. 2025 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс алатын облыстағы 1119 жекеменшік балабақшаға да «Сана» жүйесі құрылтайшылар есебінен орнатылып, басқармамен интеграциаланады. Түркістан қаласындағы 145 балабақшаның 139-ы ваучерлік қаржыландыруға келісімдерін берді. Қалғандарына түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар облыстағы мемлекеттік тапсырыс қабылдап отырған 43 колледжге де Face ID жүйесі орнатылып, басқармамен интеграциаланады деп жоспарланған. Аппарат мәжілісінде Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Қайрат Елібаевтың есебі тыңдалды. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша өңірде жалпы бюджетке 218,6 млрд. теңге салықтар мен басқа да түсімдер түсіп, жоспар 101,7%-ға орындалған. Түсімді молайтпаған және бюджетті тиімді игермеген аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына жұмысты ширату туралы тапсырмалар берілді.