Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың дүниеге келгеніне орай қазақ поэзиясының жарық жұлдызына арналған «Мағжан – күллі Түркінің ақыны» атты әдеби-сазды кеш қаламыздағы М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназияда өтті. Мектеп әкімшілігінің қолдауымен, Түркістан қалалық мәдениет үйі және «Бірлік» ауылдық клубының бірлесе ұйымдастыруымен өткен шараға мектеп ұстаздары мен оқушылары қатысты.
Ақынның өмір жолына шолу жасалынған бейнеролик ұсынылып, сахна шымылдығы Дулат Исабековтің «Өйтпесек Мағжан бола ма?» қойылымынан үзінді келтірілді. Мәдениет үйінің әртістері сомдаған туындыда Мағжан ақынның танымал қайраткерлігі көркем суреттелген. Жас өрендерге «Шұғыла» халықтық мәдени-үгіт бригадасының «Мағжан ақынның өмірі туралы толғау» ұсынылып, өлең шумақтары жалындаған жастарға жігер берді.
Әдеби-сазды кеш аясында кезінде сөзі Майшекиндікі деп айтылып жүрген Мағжан Жұмабаевтың сөзіне жазылған, Шәмші Қалдаяқовтың «Бәрінен де сен сұлу» әні «Айдана» дуэті мен Шыңғыс Уалиханның орындауында көпшіліктің жүрегінен жетті.
Қазақ әдебиетінің ғана емес, күллі Түркі жұртының шоқтығы биік қаламгеріне арналған кештің алғашқы сөзін осы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Асауова Майра Ушанқызы алып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Сондай-ақ, қазақ халқының тарихы мен әдебиетінен ойып тұрып орын алатын даңқты қаламгер жайлы естеліктерін ақтарған ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, әнші-композитор Елеуов Сауранбек сөз алып, ақынның сөзінен жазылған «Түркістан» әнін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Мұнымен бірге, «Мен жастарға сенемін» атты Мағжан ақынның әнін мәдениет үйінің әншісі Райымбек Бақытұлы нақышына келтіре шырқап берді.
Шараның өтуіне атсалысқан бағаналы білім ордасының оқушылары Мағжан ақынның жырларын жатқа оқып, Түркістан қалалық мәдениет үйінің директоры Шәмет Лиза Төлегенқызының арнайы Алғыс хаттарын иеленді. Кеште ҚР және Түркістан қаласының Құрметті азаматы, тарих ғылымдарының кандидаты, Адырбек Баян Садыққызы сөз алып, жастарға патриоттық рух сыйлап, Мағжан Жұмабайұлының балалық шағынан бастап, ғұмырдариясынан естеліктер өрбітті.
Естеріңізге сала кетейік, Мағжан Жұмабаев жай ғана ақын емес, ұлт болашағы үшін күрескен Алаш қайраткері. Рухты жырларымен халықты жігерлендіріп, елді татулыққа шақырды. Бірақ солақай саясаттың құрбаны болды. Мағжан Жұмабаев қазақтың бірлігі мен Алаштың азаттығы үшін күрескен танымал тұлға. Оның күрескерлік өмірі мен шығармашылығы Кеңес кезінде кісенде болды.
“Мағжан – алдымен сыршыл ақын. Не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер ете алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз. Ол табиғатты суреттей ме, әйелді жаза ма, тарихи адамдарды ала ма, ертегі айта ма, ұран сала ма – бәрінде де ақынның ойлағаны, сезгені, жүрегінің қайғыруы, жанының күйзелуі, көңілінің кірбеңі көрініп тұрады. Қай өлеңін оқысаң да, не ақынмен, не өз жүрегіңмен, не ел жүрегімен сырласқандай боласың. Ақынның өзі көрінбейтін өлеңдерін оқысаңыз да, еріксіз бір сезім туғызады. Әлде өкіндіреді, әлде мұңайтады, әлде жылатады, әлде аятқызады, әлде есіркетеді, әлде жігер береді…”
Мағжан – философ ақын. Ақынның философиялық көзқарасы өз өлеңдерінде жақсылық пен жамандық, әділдік пен әділетсіздік тәрізді қарама-қайшылықты философиялық ұғымдарды шебер шендестіре білуінен байқалады. Ол дүниені біртұтас құбылыс ретінде алып, адамды сол ұлы табиғат, жаратылыстың бір туындысы, бөлшегі ретінде суреттейді.
Қазақ лирикасында үлкен көркемдік жаңалық ашып, соны әсемдік арналарды негіздеп, әсіресе Еуропа, орыс әдебиетіндегі ізденістерді, бағыттарды ұлттық топыраққа батыл да еркін ендірген Мағжан эпикалық жанрда поэманың ықшам формаларын қалыптастырды. Бір қарағанда, тақырыптық тұрғыдан алғанда, алып-жұлып, әкетіп бара жатқан ерекшелік көрінбейтін секілді: “Қойлыбайдың қобызы”, “Қорқыт”, “Түркістан”, “Оқжетпестің қиясында”, “Батыр Баян” – аңыз, тарихи белгілі оқиғаларға, “Жүсіп хан”, “Өтірік ертек” – шығыстық сюжет, мысал, тұспалға құрылған.
1920 жылы Омбыдағы мұғалімдер курсы Қызылжарға ауыстырылды. Мағжан сол курсқа басшылық етеді әрі үйреншікті пәндері бойынша сабақ береді. Міне, осы кезде Мағжан курста математикадан сабақ беретін Гүлсім деген әйелге ғашық болады. Алайда Гүлсімнің күйеуі Мағжан мен әйелінің арасын біліп қалып, үйін көшіріп әкеткен.
1921 жылы Қызылжарда Мағжан өмірлік жары болған Зылихамен танысады. Зылиха Мағжан Жұмабаевтың жиені болған. 1894 жылдың 26 қаңтарында туған Зылиха Құрманбайқызының Мағжаннан жарты жастай ғана кішілігі бар. Зылиха апаймен ақын туған-туыстарының тойында кездескен екен. Ағайындары Мағжанды Жәмила деген жас қызбен қосуға ниеттенген. Бірақ Мағжан мен Зылиханың бір-бірінен көз алмай қарап отырғанын байқаған бойда-ақ, Жәмила көзіне жас толып, сыртқа атып шыққан. Ал Зылиха сол күні кешке заттарын буып-түйіп, Мағжанның үйіне көшіп келеді. Көп ұзамай Мағжан мен Зылиха Қызылжардан кетеді. Алдымен Ташкентке барады. Кейін Мәскеуге аттанады. Ол жерде Мағжан Шығыс еңбеккерлерінің университетінде шығыс тілдерінен сабақ береді. Әдебиет институтында білім алады. Гете, Лермонтов, Блок, Горькийдің шығармаларын, әлем әдебиетінің басқа да жауһарларын қазақ тіліне аударады. Зылиха Құрманбайқызы 97 жасында елі Мағжанның жүз жылдығын атап өтуге дайындалып жатқанда өмірден озды. 1929 жылы Мағжан Жұмабаев “Алқа” атты жасырын ұйым құрды деген айыппен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жылға Карелияға айдалып кетеді.
Зылиха да, Мағжан да ауқатты отбасынан шыққан. Зылихада ата-анасынан мұраға қалған әшекей бұйымдар көп болатын. Зылиха Мағжан Карелияға жер аударылған кезде, 14 рет барып қайтты. Қымбат тастармен көмкерілген сырға-сақиналарын беріп, күйеуімен кездесуге рұқсат алатын.
Зылиха Мағжанның атылудан аман қалғанына қуанды. Түрмеде отырса да, басының амандығын тіледі. Жақынырақ болайын деп Ленинградқа көшіп келді. Ленинградта тұратын құрбысы үйіне кіргізді. Күйеуінің өтініші бойынша оған медицина тақырыбындағы кітаптарды апарып берді. Мағжан емтихан тапсырып, фельдшер болып алды. Енді Зылиха Мағжанды құтқарудың қамына кірісті. Ол Максим Горькийге хат жазу керек деп шешті. Мағжан Горькийдің шығармаларын қазақ тіліне аударған еді. Естуінше, жазушының әйелі Екатерина Пешкова Қызыл Крестің кеңестік бөлімшесін басқарады екен, тұтқындарға көмектеседі деп еститін. Осылайша Пешкованың өтінішімен жаза мерзімі жеті жылға кемітілді. Мағжан Жұмабаев 1936 жылы Отанына оралды.
Түрмеден босап, Қызылжарға келгеннен кейін Мағжан шығармашылықпен айналысып, сабақ беремін деп ойлады. Бірақ сотталған деп оны ешкім жұмысқа алмады. 1937 жылы наурызда Мағжан Жұмабаев Алматыға келеді. Аударма ісімен айналысады. Алайда 1937 жылдың желтоқсанында қайта тұтқындалып, 1938 ақпанында халық жауы ретінде атылып кетті. Ақынның шығармалары дүкендер мен кітапханалардан алынып, жойылды. Жарты ғасыр бойы, яғни 1988 жылға дейін оның шығармаларына тыйым салынды.
Күйеуі атылғаннан кейін Зылиха да халық жауының әйелі атанды. Достарының кеңесімен қуғын-сүргіннен аман қалу үшін алыстағы Ленинградқа, баяғыдағы құрбысының үйіне кетеді. Зылиха апай күйеуі ақталғаннан кейін ғана туған отанына оралады. Бір ғажабы, Зылиха апа Мағжанның қолжазбаларының көп бөлігін сақтап қалған екен. Қорапқа салып, туыстарының үйінің шатырында сақтапты.
“Біздің республикамызда ғана емес, бүкіл Кеңес Одағында қатарынан екі мәрте ақталған бірде бір ақын не жазушы болған жоқ. Тағдыр тәлкегі деген осы шығар. Бірінші рет ол 1960 жылы ақталды. Алайда шығармаларын жариялауға толық рұқсат берілмеді. Шығармаларын оқуға болмаса, ол қалай ақын атанбақ?! Бұл барып тұрған қорлау. Тек араға жиырма сегіз жыл салып, яғни 1988 жылы ол екінші рет ақталды”, — дейді ақынның жиені Райхан Жұмабаева. Мағжан Жұмабаевтың мол мұрасы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында ғана жұртшылыққа жария етілді. Өлеңдері орыс тіліне аударыла бастады.
Түркістанның тума таланттары Сайлаухан Жоланов Алаш зиялыларына арналған жүрекжарды туындысын тарту етсе, Шерхан Әлібеков қазақтың қасиетті қылқобызың үнімен Мағжан Жұмабаевтың «Батыр-Баян» поэмасын орындап берді. Расында Мағжанның сан қилы тағдыры жайлы жұмбақ болып жатқан дүниелер әлі де көп. Ал, олардың сырын ашып, қазақ үшін тер төккен ұлт перзентін жас ұрпаққа тереңірек таныстыра түсу біздің азаматтық парызымыз. Осындай ізгі мақсат-тілекпен ұйымдастырылған шара өз мәресіне жетті.
Ақмарал Ғаниқызы.