Түркістандық педагогтар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жарық көрген «Ұстаз» фильмін тамашалады. Кинотуындының өңірдегі таныстырылымында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, фильм директоры Думан Алтынбекұлы, продюсері Әбіл Әділбек пен басты рөлді сомдаған актерлері сөз сөйлеп, ұлағатты ұстаздардың қоғамдағы беделі жоғары екенін алға тартты.
– Бүгінгі таңда жаңа заманның талабы да күшейіп, әлем елдерімен бәсекелестікке қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеу, білім беру жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Мақтанатын да тұстарымыз жоқ емес. «Ұстаз» фильмі осы ұлы мамандықтың қиындығы мен қызығы мол әр сәтіне терең үңілдіреді. Ұстаз есімінің ең ұлағатты, ең қадірлі мамандық екенін бүгінгі «Ұстаз» фильмі тағы да дәлелдеп өткендей. Шәкірт алдындағы аса жауапкершілік пен оларға білім мен тәрбие беру жолындағы маңызды қадамдардан тұратын мұғалім қызметін айна-қатесіз сипаттаған фильм облыстың барлық аудандарындағы педагогтарға көрсетілуде, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Белгілі журналист Бейсен Құранбектің идеясымен түсірілген фильмнің сценарийін марқұмның жары Гүлмира Зербай жазған. Туындыда өз ауылына қайтып ұстаздық ете бастаған мұғалімнің бастан кешкен оқиғалары баяндалды. Жас маман балалардың білімге деген құштарлығын ояту үшін түрлі тәсіл қолданады. Оқушыларды арман-мақсатқа жетуіне шабыттандырады.
Айта кетейік, фильмнің мақсаты – қоғамдағы педагог мәртебесін көтеру. Толықметражды кино бір айға жуық уақыт ішінде Жетісу облысында түсірілген.
Ұстаз есімінің ең ұлағатты, ең қадірлі мамандық екенін бүгінгі «Ұстаз» фильмі тағы да дәлелдеп өткендей. Шәкірт алдындағы аса жауапкершілік пен оларға білім мен тәрбие беру жолындағы маңызды қадамдардан тұратын мұғалім қызметін айна-қатесіз сипаттаған фильмді Қызылорда қаласының ұстаздары тамашалады. Режиссер Ерлан Ошақбаевтың фильмінде жас ұстаздың туған ауылына оралуы, өзі оқыған мектепте жұмыс істеуі, оқушылармен қарым-қатынасы көрсетілген. Мұғалімнің беделі, шәкірттерін білім бәсекесіне қабілетті етуге ұмтылысы мен жаңашылдығы, сондай-ақ, педагогикалық қызметтің қиындығы мен қызығы көрініс табады.
Фильмнің таныстырылымында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, фильмді еліміздің басты телеарналарынан көрсету және өңірлердегі педагогтер қауымдастығы арасында тарату жөнінде ұсыныс білдірді. – Мемлекет басшысы педагогтердің қоғамда маңызды рөл атқаратынын атап өткен. Бұл сөздер педагогтерді қолдауға және білім сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдармен бекітілді. Алғашқы және маңызды қадамдардың бірі 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы болды. Ол педагогтердің жұмыс жүктемесін азайту, артық функциялардан босату және жаңа ынталандыру шараларын енгізу мәселелерін реттеді. Фильмнің негізгі миссиясы – педагогтің тек мамандық емес, нағыз шақыру, миссия екендігін көрсету. Олардың қоғамдағы рөлін терең түсінуге, жас мұғалімдер үшін жауапкершілікті сезінуге және кәсіби дамуға шабыттандыратын маңызды себеп болатынына сенемін, – деді министр.