Home Басты жаңалықтар Түркістандықтар Ташкентке апта сайын ұша алады

Түркістандықтар Ташкентке апта сайын ұша алады

Түркістан қаласындағы Халықаралық әуежайдан «Түркістан-Ташкент» бағытында «Fly Arystan» әуе компаниясының ұшағы көкке көтерілді.

Енді тұрақты рейстер әр аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері «Airbus А 320» ұшақтарында жүзеге асырылатын болады. «Түркістан-Ташкент» бағытындағы билет бағасы – 9 999 теңгеден басталады. Қазақстандық лоукостердің баспасөз қызметі атап өткендей, Өзбекстан астанасына түйісу рейстері арқылы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан да баруға болады. Аталған бағытта билеттерді брондау бүгінгі күннен басталды.

Естеріңізге сала кетейік, Түркістан және Ыстамбұл қалалары арасында тұрақты әуе қатынасы аптасына 2 рейспен, ұшады.

Билет құны 39 999 теңгеден басталады.

Түркістан – Ыстамбұл алғашқы рейсіне 176 билет сатылған (98%).

Алғашқы тұрақты рейс іске қосылған сәттен бастап (2020 жылғы 1 желтоқсан) Түркістан қаласы әуежайынан 80-нен астам рейс орындалып, 23 мыңға жуық жолаушы тасымалданды. Рейстердің орташа коммерциялық жүктемесі 85% құрады.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласы әуежайынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау қалаларына ішкі рейстер орындалуда. Биыл жылдың екінші тоқсанынан бастап түркі әлемінің рухани орталығы ретінде Түркістанды 10 облыс орталығымен (Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Талдықорған, Өскемен) аптасына 53 рейспен байланыстыру жоспарланып отыр.