Home Басты жаңалықтар Түркістан мен Өзбекстан арасында ортақ меморандум түзілді

Түркістан мен Өзбекстан арасында ортақ меморандум түзілді

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен 2019 жылы Түркістан қаласының айналасынан 7700 гектар жерге «Жасыл белдеу» құрылып, 12 миллионға жуық жапырақты ағаш көшеттері егілген. Бүгінде оның аумағы екі есе ұлғайған. 2025 жылға дейін шаһардың жасыл белдеуін 20 мың гектарға ұлғайту көзделген. Осылайша 5-6 жыл көлемінде күтіп-баптау жұмыстары арқылы бұл аумақ орман алқабына айналады. Егілген көшеттерге тұрақты түрде күтіп баптау жұмыстары жүргізілуінің нәтижесінде көнімділігі 60-65 пайызды құрап отыр.

Түркістан қаласы аумағының топырақтық-климаттық жағдайы ерекше. Себебі топырақ құрамы сорланып, құнарлығы төмендеген. Осыны ескерген Өзбекстан ғалымдары ағаштардың көнімділігі 50 пайызды құраса, соның өзі үлкен жетістік деп бағалап отыр. Сапар барысында Өзбекстан тобы өңірдегі сексеуіл егілген аумақтарды аралап, тәжірибелерімен бөлісті. «Табиғи жағдайларды есепке алу керек. Егілген көшеттің 100 пайызы көгеріп, көктегені болған емес, ол мүмкін емес те. Ғылыми дәлелденген дүние бар. Оған сәйкес, отырғызылған ағаштың 50-55 % жерсінсе, жақсы. Бұл жақсы көрсеткіш. Оған жету үшін де тынымсыз еңбек керек. Біздің елдегі климат та ұқсас. Нәтижелері де осындай. Дәл сіздердегі ауа-райы жағдайын есепке алсақ, қазіргі еңбек – нағыз ерлік», – деді Өзбекстан Республикасы орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының зертхана жетекшісі Зиновий Новицкий.

Облыс әкімдігінің қолдауымен орман шаруашылығына қажетті барлығы 69 бірлік, оның ішінде 34 трактор, 9 автокөлік, 26 тіркеме алу жоспарланып, бүгінгі күнге 21 трактор мен 15 тіркеме алынды. Түркістанды жасыл қалаға айналдыру бағытында жұмыстар жалғаса береді.