Home Басты жаңалықтар Түркістан: Әкімдікке үміткерлер халықпен бірге екенін көрсетуде

Түркістан: Әкімдікке үміткерлер халықпен бірге екенін көрсетуде

Биыл елімізде бірінші рет өткізіліп жатқан ауыл әкімдерінің сайлауының үгіт-насихат кезеңі Түркістан облысында өте белсенді әрі айрықша өтіп жатыр. Облыс бойынша үміткер ретінде 210 адам тіркелсе, оның 48-і «Nur Otan» партиясынан ұсынылған. Әкімдікке үміткер азаматтар бұрынғыдай кеңселер мен мекемелерді жағаламай, елді мекендерді тегіс аралап, тіпті жеке үйлерге де бас сұғып, сайлауалды бағдарламаларын таныстырып жатыр.

Үміткерлер өз бағдарламаларында ауылдың ең өзекті мәселелерін қамтып, инфрақұрылымды дамыту, су, жол, газ, әлеуметтік нысандар салуды жоспарлаған. Сонымен бірге сайлаушылармен кездесуде олардың да ұсыныс-тілектерін назарға алып, жоспарға енгізуде. Сондай үміткерлердің бірі – Ермек Ташев. Өзі – спорт саласының өкілі. Отырар ауданы, Көксарай ауылдық округінің әкімі болуды көздейтін ол ауылының жастарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламамды таныстырды. Кездесу соңында Ермек Ташев ауыл жастарымен бірлесіп, суға түсіп, Көксарай ауылына келетін каналды қоға мен ағысқа кедергі болатын заттардан тазарту жұмыстарын жүргізді. Елмен бірге екенін аңғартты. 

Ал Сайрам ауданы, Қарамұрт ауыл округінен сайлауға түсіп жатқан Мамуржан Нажиев  жайылымда  мал бағып жүрген азаматтармен, егістікте – диқандармен жүздесті. Сонымен бірге Қарамұрттық әпкелі-сіңлілі мүмкіндігі шектеусіз қайсар қыздармен кездесіп, пікір алмасты. Тағдырдың сынына мойымаған қыздар киім тігіп, жеке кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерін жеткізді. Кандидат оларға қолдау болатынын айтты.