Home Басты жаңалықтар ТҮРКІСТАНДА МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ РЕФЕРЕНДУМ БОЙЫНША НАСИХАТ ЖҰМЫСТАРЫН БАСТАДЫ

ТҮРКІСТАНДА МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ РЕФЕРЕНДУМ БОЙЫНША НАСИХАТ ЖҰМЫСТАРЫН БАСТАДЫ

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының Түркістан облысы тұрғындарымен кездесулері басталды. Атап айтқанда Дархан Мыңбай, Құдайберген Ержан, Қайнар Абасов және Сырым Ертаев жалпыұлттық референдум өткізу шараларына дейінгі халықты ақпараттандыру жұмыстарына қатысуда.

Бүгін Д.Мыңбай Төлеби ауданындағы Қаратөбе, Тасарық, Қасқасу және Алатау ауылдарына барып, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді. Онда референдумда қаралатын мәселелер, Ата Заңда орын алатын өзгерістер жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сапары аясында көпбалалы аналар, аз қамтылған отбасылар, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған және мүмкіндігі шектеулі азаматтар, сондай-ақ жастармен сұқбат өрбітті.

Ал С.Ертаев Кентау қалалық емхана дәрігерлері және қызметкерлерімен, шаһардың кәсіпкерлерімен кездесті. Жұмыс сапары Хантағы ауылында жалғасып, жаңадан салынып жатқан спорт залдың құрылысымен танысты. Депутат Қарнақ ауылындағы «Еңбек» ШҚ Сыбаға бағдарламасы аясында жұмыс істеп тұрған 120 ірі қара мал фермасының жұмыс күші мен жай-күйін анықтауға барды. Ал Құсшы ата елді мекенінің тұрғындары халық қалаулысына өз уәждерін жеткізіп, бірқатар мәселенің шешілуіне атсалысуды сұрады.

Келес ауданына сапарлаған Қ.Ержан шалғай елді мекендерді аралады. Ошақты батыр, Жүзімдік, Бірлесу және Қошқарата ауылдық округтерінде шаруалар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылармен кездесті. Абай ауылындағы «Қазыналы қария-Тең қоғам» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында ақсақалдармен жүздесіп, ел үшін айтулы кезең референдум өткізудің маңыздылығы талқыланды. Абай ауылында жергілікті тұрғындардың шағымдары бойынша аудандық партия филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдады.

Қ.Абасов алдымен Түлкібас ауданы әкімі Н.Байғұттың Тастұмсық және Балықты ауылдарының тұрғындарына қоғамдық қабылдаулар өткізу және есеп беру жиналыстарына қатысты. Амангелді және Балықты ауылдарында бой көтеріп жатқан спорт мектептерінің құрылыс жұмыстарымен танысып, қызметкерлерімен кездесті. Барша қызметкерлерді референдумға белсене қатысуға шақырды. Атап өтерлік, Балықты ауылында Жол карта аясында ауыз су жүйесін қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты депутат аталған жерге арнайы барып, құрылыс жұмыстарына бақылау жүргізді.

Жалпы аталған кездесулерде Мәжіліс депутаттарымен қатар, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары да ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қатысуда.
Еске салсақ, 6 мамыр күні партия филиалдарының жанынан облыстық, аудандық және қалалық штабтар құрылып, мүшелікке 425 адам енді. Жалпы 3 маусымға дейін 1200-ге жуық кездесулер өткізу көзделсе, облыстық штабтың өзінде 200-ден астам шаралар өткізілмек. 11 мамырдан бастап небәрі 2 күнде партия жанындағы аймақтық және аумақтық штабтар насихат жұмыстарына қатысты 152 кездесу өткізді.