«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен Түркістан өңіріндегі киелі орындардың бірі – Үкаша ата кесенесі мен құдығына арналған баспасөз туры өтті.

Іс-шараға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлер, музей және мәдениет саласының мамандары қатысты. Баспасөз турының негізгі мақсаты – Үкаша ата кесенесі мен құдығының тарихи-мәдени және рухани мәнін кеңінен таныстыру, нысан туралы шынайы ақпарат тарату, сондай-ақ оның ішкі және рухани туризмді дамытудағы маңызын көрсету.

Баспасөз турына қатысушылар алдымен Үкаша ата кесенесіне барып, баба рухына Құран бағыштады. Бұдан кейін қасиетті құдыққа ат басын бұрып, арнайы ұйымдастырылған шараға қатысты.
Шараны «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Ерлан Дәкенов ашып, Үкаша ата кесенесі мен құдығының тарихи-мәдени мұра ретіндегі маңызына және ішкі туризмді дамытудағы әлеуетіне тоқталды.

Жиында философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай, «Ясауитану» ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы және орталықтың аға ғылыми қызметкері Ұлықбек Жүнісбаев сөз сөйлеп, Үкаша ата тұлғасының қазақ руханиятындағы орны, оған қатысты тарихи жазба деректер мен халық жадында сақталған аңыз-әңгімелер жөнінде құнды мәліметтер ұсынды. Мамандар арнайы пікір алаңында БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, киелі нысанның ғылыми және рухани қырларына қатысты ойларын ортаға салды.

Шараның соңында қатысушылар Үкаша ата құдығын тамашалап, ғасырлар бойы халық арасында қалыптасқан зиярат дәстүрлерінің бірі – құдыққа шелек тастау рәсімімен танысты.
Бүгінде Үкаша ата кесенесі тарихи-мәдени мұра нысаны ретінде ғана емес, ішкі және рухани туризмнің маңызды бағыттарының бірі ретінде де танылып отыр. Тарихи тұлғаны ұлықтау, рухани тағылым алу, ұлттық тарих пен мәдени мұраны танып-білу мақсатында қасиетті мекенге еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ шетелдерден зияратшылар мен туристер тұрақты түрде келіп тұрады. Атап айтқанда, жыл бойы Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан және өзге де мемлекеттерден келушілер зиярат етеді. Аталған елдерден жылына жүз мыңдаған турист келеді.

Үкаша ата кесенесінің тарихи және рухани маңызы мемлекеттік деңгейде де айқындалған. 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан «Қазақстанның киелі орындарының географиясы» жобасы бойынша Үкаша ата кесенесі діни және ғибадат орындары санатындағы киелі нысандар тізіміне енгізілді.
Тұрарбек Қаныбек, журналист.































