Home Әлеумет ТҮРКІСТАН: ЖЫЛ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

ТҮРКІСТАН: ЖЫЛ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Түркістандағы «Farab» кітапханасында спорт саласы бойынша 2021 жылдың үздіктерін марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жиында спорт саласына үлес қосқан бір топ азаматқа республикалық және өңірлік деңгейдегі марапаттар тапсырылды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев үздіктерге құрмет көрсетіп, спорт саласы өкілдерінің мәртебесін биіктетті. Жылдың үздік 10 спортшысының қатарын бокстан Токио Олимпиадасының жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов бастады. Сонымен бірге үздік ондық қатарында В.Яковлев, Н.Раймова, Т.Айдарбек, Е.Нұрмахан және өзге де чемпиондар бар. Ал үздік 10 жаттықтырушы сапында М.Айтжанов, М.Файзиев, Б.Аманов және өзге де танымал бапкерлерге құрмет көрсетілді. Сонымен бірге су спортын дамытып жүрген Денис Жәрменовке «Құрмет» ордені тапсырылды. Биыл ересектер арасында өткен спартакиадада Түркістан қаласының спортшылары топ жарды. Күміс жүлде Жетісай ауданының өрендеріне бұйырса, қола жүлдені Шардара ауданының сайыпқырандары жеңіп алды. Аталған аймақ басшыларына кубоктар табыс етілді. Үздік ауыл жаттықтырушысы болып созақтық М.Серікбаев танылды. Салтанатты іс-шарада жылдың үздік спорт мектептері, спортты насихаттаған үздік журналистер, спорттық сайыстарды өткізуге, бұқаралық спортты дамытуға үлес қосқан азаматтар да құрметке бөленді. Спорт саласының 7 өкіліне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың алғыс хаты тапсырылды. Сонымен бірге бір топ спорт саласының өкілі «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының, Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының алғысхатымен марапатталды. Партия филиалы төрағасының орынбасары Қ.Жантөреева құттықтау сөз сөйлеп, спортшылардың еңбегін жоғары бағалады. Облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталары да өз иелерін тапты. Қазіргі таңда Түркістан облысында дене тәрбиесі және спортты дамыту бағытында 1520 дене шынықтыру ұжымы жұмыс істейді. Өңірде дене шынықтыру және спортпен шұғылданаушылар жалпы тұрғындардың 34,7 %-ын құрап отыр. Облыс спортшылары Токио Олимпиадасы мен «Ақ бидай» ойындарында және өзге де додаларда үздіктер қатарынан табылды.