Home Әлеумет ТҮРКІСТАН: ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН АУМАҚТАРДА АРНАЙЫ БЕЛГІЛЕР ОРНАТЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН: ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН АУМАҚТАРДА АРНАЙЫ БЕЛГІЛЕР ОРНАТЫЛДЫ

Жаз маусымының келуімен бірге суға шомылу кезеңі де басталды. Табиғат аясында демалуға асығатын тұрғындар үшін бұл – асыға күтетін уақыт. Дегенмен, су жағасында бейқамдық пен жауапсыздықтың соңы қайғылы жағдайға әкелуі әбден мүмкін. Осы ретте Түркістан қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізуде.

Атап айтқанда, қала аумағындағы суға түсуге тыйым салынған қауіпті учаскелерде арнайы “Суға түсуге тыйым салынады!” деген ескерту белгілері қойылды. Бұл белгілер бояу әдісімен жазылып, алыстан көзге бірден түсетіндей етіп, адамдар көп шоғырланатын аумақтарға орнатылған. Белгілердің негізгі мақсаты – адамдардың өміріне тікелей қауіп төнетін орындардан сақтандыру, апаттың алдын алу.

Төтенше жағдайлар басқармасы мамандарының айтуынша, мұндай белгілер — жай ғана жазу емес, адамның өмірін сақтауға бағытталған нақты ескерту. Өкінішке қарай, кейбір тұрғындар ескертулерге қарамастан, тыйым салынған жерлерге шомылып, өз өмірін қатерге тігіп жатады. Мұндай жауапсыз әрекеттер әсіресе жасөспірімдер арасында жиі кездеседі.

Сондықтан да, Түркістан қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы тұрғындар мен қала қонақтарына арнайы үндеу жариялады:

Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары!
Жаз мезгілінде су айдындарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауларыңызды сұраймыз. Арнайы жабдықталмаған, рұқсат етілмеген және тыйым салынған аумақтарда суға шомылмаңыздар.
Ең бастысы – балаларды су жағасында қараусыз қалдырмаңыздар! Қауіп – аяқасты. Бір сәттік бейқамдық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.

Жауапты қызмет өкілдері суға түсу маусымы басталғанға дейін бірқатар түсіндіру жұмыстарын да қолға алған. Білім беру мекемелерінде, демалыс орындарында, әлеуметтік желілерде қауіпсіздік туралы бейнероликтер, жадынамалар мен парақшалар тарату арқылы тұрғындардың ақпараттану деңгейін арттыру көзделуде.

Су – досың да, қасың да

Халқымызда «Сақтансаң – сақтайды» деген дана сөз бар. Су — өмір көзі болғанымен, қауіпсіздік ережелерін елемеген жағдайда қатерге айналуы да мүмкін. Сондықтан әрбір азаматтың қауіпсіздігі – өз қолында.

Бүгінгі күні қолға алынып жатқан шаралар – адам өміріне деген жауапкершіліктің нақты көрінісі. Түркістан қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы қала тұрғындарын қауіпсіздікке немқұрайлы қарамауға, тәртіпке бағынып, отбасы, бала амандығы үшін саналы әрекет етуге шақырады.