Қазақстанның кең байтақ даласын бойлай созылған республикалық маңызы бар автожолдар – ел экономикасының күретамыры, өңірлер арасындағы алтын көпір. Алайда осы жолдардағы қозғалыс қауіпсіздігі – мемлекет пен қоғам үшін әрдайым өзекті мәселе. Себебі жол үстіндегі бір сәттік бейқамдық – адам өмірі мен тағдырына қауіп төндіретіні сөзсіз.
Соңғы жылдары еліміздің қала сыртындағы трассаларында жол-көлік оқиғаларының азаюы байқалуда. 2025 жылдың басынан бері жол апаттарының саны 8 пайызға төмендегені – бұл саладағы жүйелі жұмыстың нақты жемісі.
Тиімді тәсіл – нақты нәтиже
Жол апаттарының азаюына себеп болған негізгі фактор – Ішкі істер министрлігі қолға алған кешенді шаралар. Солардың бірі – жолдың қауіпті учаскелерінде жүріс бөлігін уақытша тарылту тәсілі. Бұл әдіс алғашында қарапайым көрінуі мүмкін. Дегенмен жүргізушінің бойында өзін-өзі тежей білуді, жылдамдықты азайтуды инстинктивті түрде іске қосатын осы тәсіл бірнеше шетелде сыналып, оң нәтижесін берген болатын. Бүгінде ол Қазақстанда да тиімділігін дәлелдеп отыр.
Аталған тәсіл қазіргі таңда Астана – Қарағанды, Астана – Павлодар, Алматы – Бішкек, Самара – Шымкент, Ақтөбе – Астрахан бағыттарындағы 26 трассалық учаскеде іске асырылуда. Мұндай учаскелерде арнайы патрульдік экипаждар жұмыс істейді. Жол сақшыларының басты мақсаты – жүргізушілерді жазалау емес, алдын ала ескерту арқылы апаттың алдын алу.
Аспаннан бақылау, жерден тәртіп
Заманауи технологиялардың көмегімен енді жолдар тек жерден ғана емес, әуеден де бақылануда. Еліміздің жеті өңірінде ұшу құрылғылары арқылы трассаларды патрульдеу шарасы жүзеге асуда. Бұл әдістің арқасында үш мыңнан астам құқықбұзушылықтың жолы кесілді.
Бұдан бөлек, жол қозғалысы ережелерін автоматты түрде тіркейтін 500-ге жуық кешен жұмыс істейді, оның ішінде 100-і – жасырын режимде. Яғни, жол үстінде әрбір сәт тіркеліп, жүргізушілердің тәртібі арнайы алгоритм арқылы бақылануда.
Орташа жылдамдық – ортақ қауіпсіздік
Трассадағы қауіптің бір себебі – жол жылдамдығының шектен тыс асуы. Осы ретте қозғалыс қарқыны жоғары аумақтарда орташа жылдамдықты есептеу жүйесі енгізілген. Қазірдің өзінде бұл жүйе 1900 шақырымды қамтыса, алдағы уақытта тағы 1000 шақырым жол осы тізімге қосылады.
Орташа жылдамдықты өлшеу – жүргізушінің жолдың ұзындығы бойынша қандай жылдамдықпен қозғалғанын есептейтін заманауи тәсіл. Бұл әдіс заңды айналып өтетін «бір орында жылдамдықты баяулататын» айлакер жүргізушілерге тосқауыл болмақ.
«Қорғау» – қауіпсіздік күзетінде
Қасақана жол ережесін бұзушылармен күрес күшейтілуде. Бұл мақсатта «Қорғау» арнайы ақпараттық жүйесі қолданылып келеді. Жүйе жолдағы барлық әрекетті тіркеп, қауіп төндіретін автокөліктер мен жүргізушілерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қала ішіндегі және қалааралық трассаларда жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін тәулік бойы жұмыс істейтін камералар желісі белсенді дамып жатыр. Бұл жүйе жүргізуші тәртібін реттеумен қатар, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи үлгісі болып отыр.
Тәртіп – жол қауіпсіздігінің тірегі
Қоғамдық қауіпсіздік – тек полицейдің немесе мемлекеттік органның емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Жолдағы тәртіп – адамның өзін-өзі құрметтеуінен басталады. Трассадағы әрбір шешім – тек өз тағдырыңа емес, жол үстіндегі қаншама жанның өміріне әсер ететінін естен шығармаған жөн.
Жол апаттарының азаюы – оң үрдіс. Алайда бұл жетістікке тоқмейілсуге болмайды. Әр жүргізушінің, жолаушының, жаяудың тәртіпке деген саналы көзқарасы ғана осы жетістікті тұрақты үрдіске айналдыра алады.































