Home Әлеумет ТҮРКІСТАН: ТӨТЕНШЕЛІКТЕРГЕ ҚОЛҒАБЫС БОЛҒАН ЖАСТАР

ТҮРКІСТАН: ТӨТЕНШЕЛІКТЕРГЕ ҚОЛҒАБЫС БОЛҒАН ЖАСТАР

Бүгінгі таңда Түркістан облысы еліміздің қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының бірі саналады. Бірақ бұл аймақ та табиғи және техногендік төтенше жағдайлардан сақтандыру мәселелерінен тыс қала алмайды. Қазіргі кезде Түркістан жастары төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жоюға белсенді үлес қосуда. Осы тұста айта кетерлігі, «AMANAT» партиясы мемлекет өмірінде айрықша орын алатын азаматтық қоғамды – еліміздегі заңдылық пен тәртіптің, өркендеудің басты қозғаушы күші деп біледі. Азаматтық жауапкершіліктің ең биік үлгісі ретінде еріктілік қозғалысты ілгерілетіп, қоғамдық қатынаста өзара жанашырлық сынды адамгершіліктің ізгілікті қасиеттері болып табылатын құндылықтардың өріс алуына жағдай жасап келеді. Партияның жаңа буын ізбасарлары мемлекеттің тұтастығын, елдің татулық-бірлігін, азаматтардың қауіпсіздігін қамту – айнымас ақиқат деп санайды.

Баршамыздың күш біріктіруімізбен орнығатын жауапкершілігі мықты қоғам құруда «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты азаматтық қорғанысты қамтитын мемлекеттік атқарушы органдардың көмекшісіне айналды. «Қамданған қапы қалмайды» деген ұстанымды кәсіби бағдар етіп алған төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірлесе, партияның жас буын белсенділері Түркістан қаласы әкімдігінің жауапты өкілдерімен ынтымақтаса отырып, қала  тұрғындарын тұрмыстық сипаттағы апаттардың зардаптарынан қорғауға атсалысты. Аталған іс-шара аясында Түркістан қалалық газ инспекциясының, «QazaqGaz» компаниясының мамандары қаладағы 100 тұрғын үйге газ талдағыш құралдарын орнатты. Тұрғынжайда жиналған газ құрамын талдап, адам өміріне қауіпті улы газ концентрациясы анықталған жағдайда, дабыл қағатын бұл құрылғылар, адам өмірін сақтауда, тұрғынжайларды өрттен қорғауда және газ жүйелеріндегі техникалық ақауларды анықтап, жедел қалпына келтіруге көмегін береді. Жылыту маусымының басталуымен, автономды жылу қазандықтарын пайдалануда тұрғындар өрескел қателіктер жасап жатады. Тұрғын жайларда мұржалар мен желдеткіш каналдарының уақтылы тазаланбауынан бөлме ішінде улы газдар қоспасының жиналып қалуы – адам өміріне қауіпті екенін ескерткен жастарымыз, тұрғындардың қауіпсіздік талаптарын тиянақты сақтауға шақырды. Жалпы Түркістан облысы географиялық орналасуы мен климаттық ерекшеліктеріне байланысты төтенше жағдайлар қаупіне бейім аймақ болып табылады. Мұнда көктем мезгілінде қар ерігенде және жауын-шашын мол болғанда өзендер тасуы мүмкін, жаз айларында аптап ыстықтың салдарынан су тапшылығы туындап, ауыл шаруашылығына үлкен зиян келуі ықтимал, сонымен қатар Түркістан облысы сейсмикалық белсенді аймақтардың бірі. Бұл жағдайлар аймақ тұрғындарына және экономикалық тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Сондықтан төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары ерекше маңызға ие. Түркістан жастары төтенше жағдайлардың алдын алу мен олардан зардап шеккендерге көмек көрсету бағытында көптеген бастамаларды қолға алуда. Бұл бастамаларды бірнеше негізгі бағытқа бөліп қарастыруға болады. Еріктілер қозғалысы Түркістанда ерекше қарқынмен дамып келеді. Жастар қауымы өз еркімен төтенше жағдайлар орын алған аймақтарға барып, гуманитарлық көмек көрсетеді, зардап шеккендерге қолдау білдіреді. Мысалы еріктілер зардап шеккен отбасыларға азық-түлік, киім-кешек жеткізеді, үйлерді қалпына келтіруге көмектеседі. Жастар табиғи апаттар кезінде өрт сөндірушілермен бірге жұмыс істеп, табиғатты қорғауға атсалысады. Жастар тек төтенше жағдай орын алғаннан кейін емес, оның алдын алу мақсатында да белсенді түрде жұмыс жасайды. Олар төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керектігі туралы білім таратады. Жастар Instagram, Facebook, TikTok сияқты платформалар арқылы қауіпті жағдайлар туралы халықты ескертеді және сақтық шараларын ұсынады. Жастардың еңбегінің арқасында Түркістан облысында төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында бірнеше маңызды жетістіктерге қол жеткізілді. Атап айтсақ, жастардың белсенділігі халық арасында қауіпсіздікке қатысты білімнің артуына ықпал етті. Төтенше жағдайлармен күресу тек мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың міндеті екені түсіндірілді. Жастар қиын жағдайға тап болған тұрғындарға үміт сыйлап, қолдау көрсетті. Түркістан жастарының бұл белсенділігі мемлекет тарапынан да, жергілікті қоғам тарапынан да қолдау тауып отыр. Облыстық әкімдік, білім беру ұйымдары, кәсіпкерлер және үкіметтік емес ұйымдар жастардың бастамаларын жүзеге асыру үшін қажетті ресурстар мен мүмкіндіктер ұсынады. Түркістан жастары төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жоюда маңызды рөл атқаруда. Олардың бастамалары тек аймақ үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін үлгі боларлықтай.