Home Әлеумет ТҮРКІСТАН: СУ – ТІРШІЛІК НӘРІ МЕ, ӘЛДЕ ҚАУІПТІҢ КӨЗІ МЕ?

ТҮРКІСТАН: СУ – ТІРШІЛІК НӘРІ МЕ, ӘЛДЕ ҚАУІПТІҢ КӨЗІ МЕ?

Түркістанда су қауіпсіздігіне қатысты түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Жаз келіп, аптап ыстықпен бірге суға шомылу маусымы да қыза түсті. Бұл мезгіл әсіресе балалар мен жастар үшін шаттыққа толы демалыс кезеңі саналғанымен, қауіп-қатерге толы екенін де ұмытпаған жөн. Әсіресе табиғи су айдындарында шомылу кезінде сақтық шараларын ескермегендер үшін бұл мезгіл орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.

Суға шомылу – салауатты өмір салтының бір көрінісі, денсаулықты шынықтырудың таптырмас тәсілі. Алайда қауіпсіздік ережелері сақталмаса, су – тіпті ең тәжірибелі жүзушінің өзін де құрсаулап, ажал құшағына тартып кетуі әбден мүмкін. Осы ретте Түркістан қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы мен қалалық “Жастар ресурстық орталығы” бірлесе отырып, қала аумағында су қауіпсіздігіне арналған кешенді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Ақпараттық түсіндіру – қауіптің алдын алудың басты құралы

Жуырда өткізілген ауқымды акция барысында мамандар адамдар көп шоғырланатын орындарды аралап, қала тұрғындарына арнайы жадынама парақшаларын таратып, суға шомылу кезіндегі негізгі қауіпсіздік ережелерімен таныстырды. Бұл тек ескерту емес, адам өміріне деген алаңдаушылықтан туған шынайы қамқорлық.

«Су – біздің табиғаттағы ең асыл байлығымыз. Ол тіршіліктің нәрі. Бірақ егер біз оған немқұрайлы қарасақ, ол қауіпті күшке айналуы мүмкін. Су адам өмірін алып кетуге де, арашалауға да қауқарлы. Сондықтан әрбір тұрғынның қауіпсіздік мәдениеті жоғары болуы – біздің басты мақсатымыз», – дейді Түркістан қаласы ТЖБ қызметкері Аслан Қайырбекұлы.

Суға түсудің ережелерін білу мен оларды орындау — әр азаматтың өз өміріне және айналасындағыларға деген жауапкершілігінің көрсеткіші.

Неліктен бұл шаралар маңызды?

Статистикаға сүйенсек, елімізде жыл сайын ондаған адам су айдындарында қайтыс болады. Қайғылы жағдайлардың көпшілігі – шомылуға арналмаған, тыйым салынған орындарда орын алады. Түркістан облысының өзінде соңғы жылдары суға кету оқиғаларының саны азаймай отыр. Бұл ретте ең жиі кездесетін себептер қатарында:

  • мас күйде суға түсу;
  • балаларды қараусыз қалдыру;
  • жүзу білмейтін адамның терең суға түсуі;
  • қауіпсіздік белгілері мен ескертпелерге мән бермеу;
  • құтқару құралдарының болмауы;
  • арнайы жабдықталмаған орындарда шомылу.

Төтенше жағдайлар басқармасы мамандарының айтуынша, судың көрінбейтін қауіптері көп – тұңғиық иірім, ағыс, батпақ, су түбіндегі өткір тастар немесе металл қалдықтары, күтпеген суық ағын, естен тану, бұлшық еттің тартылуы, аяқ астынан басталатын толқын сынды факторлар адамды бір сәтте әлсіз күйге түсіріп, ажал апанына айналуы мүмкін.

Болашақ – қауіпсіздік мәдениетінен басталады

Жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру шараларының басты мақсаты – тұрғындардың экологиялық және қауіпсіздік сауаттылығын арттыру, балалар мен жастарды өмірге жауапкершілікпен қарауға баулу, және ең бастысы – қайғылы жағдайлардың алдын алу.

Мамандар қаланың әр ауданын аралап, су маңындағы қауіпті аймақтарды белгілеп, «Суға түсуге тыйым салынады» деген ескертпе белгілерін орнатты. Бұл қарапайым іс сияқты көрінгенімен, көзге бірден түсетін белгі – саналы адамға үлкен ой салатын маңызды ескерту.

Сонымен қатар суға шомылу мәдениеті мен қауіпсіздік негіздері мектеп бағдарламасына, жазғы лагерьлердегі сабақтар мен үйірмелерге де енгізілуі қажет. Бұл – өскелең ұрпақтың бойында қауіпсіз өмір сүру дағдыларын ерте жастан қалыптастырудың тиімді жолы.

Қазақ халқы: «Сақтансаң – сақтайды» деген даналықты бекер айтпаған. Әрбір ата-ана, әрбір азамат, әсіресе жаз мезгілінде балалардың су маңында қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өз отбасын қауіпсіздік мәдениетіне баулуға, қоғамға ортақ жауапкершілікпен қарауға міндетті. Су – тіршілік көзі болса да, ол бейқамдықты кешірмейтін стихия.

Түркістан қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы барша қала тұрғындарын суға түсу кезінде сақ болуға, рұқсат етілмеген жерлерден аулақ болуға және балаларды бақылаусыз қалдырмауға шақырады.

Суға шомылғанда сақ болайық! Қауіпсіз демалыс – саналы азаматтың таңдауы!