Home Әлеумет ТҮРКІСТАН: СУ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ БЕЙЖАЙ ҚАРАМАЙЫҚ

ТҮРКІСТАН: СУ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ БЕЙЖАЙ ҚАРАМАЙЫҚ

Жаз мезгілі – табиғат аясындағы демалыстың ең қызатын шағы. Алайда күн ысыған сайын суға шомылушылар саны артатыны белгілі. Өкінішке қарай, бұл кезеңде суға бату оқиғалары да жиілей түседі. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында Сарыағаш аудандық полиция бөлімі ЖПҚ ювеналды полиция тобының қызметкерлері Көктерек кенті тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Қауіп – абай болмағаннан туады

Мамандардың айтуынша, Сарыағаш өңірінде маусым, шілде және тамыз айларында ауа температурасы +40-45°С-қа дейін жетіп, тұрғындар каналдар мен өзендердің жағасына барып шомылуға бейім келеді. Дегенмен олардың дені су айдынының қауіпсіздігіне көз жеткізбей, кез келген, әсіресе рұқсат етілмеген орындарда шомылады. Бұл – адам өміріне төнетін басты қатердің бірі.

Көп жағдайда жазатайым оқиғалар:

  • ағысы қатты, терең, жағасы тік өзен-көлдерде шомылу;
  • жүзе білмей тұрып суға түсу;
  • спирттік ішімдік ішіп шомылу;
  • балаларды қараусыз қалдыру;
  • және қайықпен серуендеуде қауіпсіздік шараларын сақтамау салдарынан туындайды.

Тіпті, салқын судың өзі организмге күрт әсер етіп, бұлшық еттердің тартылып қалуына, ал ол болса, өздігінен жүзе алмай қалуға әкеліп соғады.

Судағы қауіпсіздік – сақтансаң, сақтайды

Су айдындарында өзіңізді және жақындарыңызды қауіптен сақтау үшін төмендегі қарапайым ережелерді есте сақтаңыз:

Суға түсу кезіндегі тыйымдар:

  • Рұқсат етілмеген, белгі қойылмаған және зерттелмеген орындарда шомылмаңыз;
  • Шектейтін белгілерден асып, тереңге сүңгімеңіз;
  • Көпірлерден, бөгеттерден, жартастардан секіру – өте қауіпті;
  • Балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмаңыз;
  • Катер, қайық, катамаран сынды жүзу құралдарына жақын жүзбеңіз;
  • Мас күйде шомылуға қатаң тыйым салынады!

Қайықпен серуен кезіндегі ережелер:

  • Құтқару кеудешесінсіз қайыққа отырмаңыз;
  • Қараңғы түскеннен кейін қайықты қолданбаңыз;
  • Қайық үстінде тік тұруға, бір қайықтан екіншісіне секіруге болмайды;
  • Қайықтың ернеуінде отыру – қауіп төндіреді;
  • Қайыққа белгіленген салмақ пен жолаушыдан артық адам отырғызуға болмайды;
  • Техникалық тексеруден өтпеген, ескі қайықтарды қолданбаңыз;
  • Қайықпен серуен кезінде де мас болу – өмірге төнген тікелей қатер.

Қауіптің алдын ал – жақыныңды сақта

Су – табиғаттың сыйы, тіршіліктің негізі. Алайда ол адам өмірін бір сәтте жалмайтын тілсіз жау да бола алады. Сондықтан әрбір ата-ана, әрбір ересек азамат су маусымында балалардың әрекетін бақылап, тыйым салынған жерлерден бойды аулақ ұстауы қажет.

«Айтып келмейтін табиғи құбылыстар – су, от, дауыл мен жел – әрқашан сақтық пен дайындықты талап етеді. Осы қағиданы ұмытпайық!» – дейді тәртіп сақшылары.

Есіңізде болсын:
Суға түсу – ләззат, бірақ қауіпсіздік ережесімен ғана!
Өз өміріңізді де, өзгенің өмірін де қауіпке тікпеңіз.
Сақтансаң – сақтайды!