Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінде жүргізілген аудит барысында жол жөндеу жұмыстарының мерзімінде орындалмауы және құжат жүзінде алдын ала қабылданып, қаржыландырылуы бойынша бірқатар заңбұзушылықтар анықталды.
Атап айтқанда, Қапланбек ауылдық округіне қарасты Сіргелі елді мекеніндегі П.Астанакулов және Алаш көшелерінің (ұзындығы – 2200 метр) жол жабындысын орташа жөндеу жұмыстары аясында ұзындығы 211 метр, ені 4,5 метр жол бөлігі (жалпы ауданы 950 м²) 2023 жылы орындалуы тиіс болған. Алайда бұл жұмыстар уақытында атқарылмай, 761,3 мың теңге көлеміндегі жөндеу жұмыстары тек 2024 жылы орындалған.
Сонымен қатар, «RRR GROUP 2018» ЖШС мен тапсырыс беруші арасында 15.12.2022 жылғы №173 келісімшартқа сәйкес, Дарбаза ауылдық округіндегі С.Торайғыров көшесінің (ұзындығы – 3500 метр) жол жабындысын орташа жөндеу жұмыстары 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқталуы керек еді.
Алайда бұл жұмыстар да нақты мерзімінде орындалмаған. Соған қарамастан, орындалған жұмыстар туралы №2 нысандағы актілер тапсырыс берушіге 2023 жылы тапсырылып, мердігерге 64,96 млн теңге көлеміндегі төлем жасалған. Аудит қорытындысы көрсеткендей, аталған жөндеу жұмыстары тек 2024 жылы атқарылған.
Бұл жағдай бюджеттік тәртіптің және қаржының тиімді, уақтылы жұмсалуы талаптарының бұзылғанын көрсетеді. Жол құрылысы саласындағы мұндай сәйкессіздіктер мемлекеттік бақылаудың әлсіздігін және шарт талаптарының орындалуын қамтамасыз етуде жіберілген олқылықтарды айқындайды.
Аудит нәтижесі бойынша жауапты тұлғаларға бұзушылықтарды жою және орын алған заңсыздықтарға құқықтық баға беру жөнінде нұсқамалар жолданды.
Н.Копбосынов,
Түркістан облысы бойынша ІМАД
бас маман – мемлекеттік аудиторы.