Home Әлеумет ФУТБОЛ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ МАҚТААРАЛ АУДАНЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ

ФУТБОЛ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ МАҚТААРАЛ АУДАНЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы, генерал, жаңадан құрылған Түркістан облыстық аймақтық футбол федерациясының алғашқы президенті Хаким Көшқалиев Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келді. Ең алдымен департамент басшысы Атакент кентінде орналасқан “Алпамыс батыр” орталық стадионына барып, “Мақтаарал” футбол клубының ойыншыларымен кездесті. Іс-шара барысында аудан әкімі Бақыт Асанов мақташылар клубының тарихымен таныстырды. “Мақтаарал” футбол клубы 2012 жылы Қазақстанның екінші лигасында чемпион атанған. Осы жетістіктен соң “кәсіпқой клуб” деген статус алып, қазіргі таңға дейін бірінші лигада ойын көрсетіп келеді. Өткен жылдың қорытындысымен аталған лиганы төртінші орынмен аяқтады. Бюджетінің аз болуына қарамастан мақтааралдық клуб жыл сайын жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Тәжірибелі маман Вахид Масудов жаттықтыратын футбол команда 2021 жылы бірінші лига клубтары арасында өтетін ҚР біріншілігінің алдында үш кезеңнен тұратын оқу жаттығу жиынын өткізді. Сондай-ақ, бірнеше рет тәжірибелі командалармен жолдастық кездесулер өткізіп, барлығын жоғары нәтижемен аяқтады. Осылайша мақтааралдық футболшылар 2021 жылғы футбол маусымына толық құрамда дайын.Мұнан соң Х.Көшқалиев аудан орталығы Мырзакент кентінде жақында ғана күрделі жөндеуден өткен Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионға барды. Мұнда теңбіл доп ардагерлерімен жүздесіп, отандық футболды дамыту мәселелері талқыланды. Бір ауданда екі бірдей алып стадионның барына куә болған футбол федерациясының президенті “Мақтаарал” футбол клубының жоғары лигада ойын көрсетуі үшін тынбай еңбектену керектігін айтты. “2066 көрерменге арналған алып стадионның жалпы конкурстық құны 240 миллион теңге. Нысанда көрерменге арналған орындықтардан бөлек, 2 қабатты әкімшілік ғимараты, спортшыларға арналған киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер, 12 адамға арналған сыртқы әжетхана, күзет бөлмелері бар. Сонымен қатар, алып стадионның аумағында скейдворкауд, кіші футбол алаңшалары және волейбол, баскетбол алаңшаларының құрылысы да қоса атқарылған” – деді нысанның құрылыс жұмыстарымен таныстырған Бақыт Насырханұлы. Департамент басшысының соңғы аялдаған нысаны – Мақтаарал ауданы әкімдігінің халықтық кеңсесі. Аудан әкімі аппаратының ғимаратында орналасқан нысан “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия” мәжілісінде берілген тапсырмаға сәйкес, азаматтарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсету және азаматтардың мәселелерін тыңдау мен жылдам шешу мақсатында ашылған. “Халықтық кеңсе” арқылы аудан тұрғындары кез-келген мемлекеттік қызметтерді бір жерден ала отырып, жеке қабылдауға жазылып, арыз-өтініштер мен ұсыныстарын бере алады. Кеңседе мемлекеттік қызмет көрсететін 7 бөлімнің мамандары жұмыс атқарады. Аталған бөлімдермен 90 жуық мемлекеттік қызмет электронды түрде және баламалы түрде көрсетіледі. Айта кетейік, жұмыс сапарының соңында Хаким Дүйсешұлы бірнеше аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.