Home Әлеумет АРЫС ҚАЛАСЫНДА ТАҒЫ БІР ҚОҒАМДАСТЫҚ ҚҰРЫЛАТЫН БОЛДЫ

АРЫС ҚАЛАСЫНДА ТАҒЫ БІР ҚОҒАМДАСТЫҚ ҚҰРЫЛАТЫН БОЛДЫ

Арыста қала ішінде жолаушы тасымалдау мәселесі тұрғындар мен жергілікті билік өкілдері арасында қызу талқыланып, нәтижесінде қалаішілік бағытта қатынайтын жүргізушілер қауымдастығы құрылатын болды. Бұл туралы Nur Otan партиясының ғимаратында өткен қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен мәслихат хатшысы Амантай Байтанаевтың азаматтарды жеке өтініші бойынша қабылдау кезінде айтылды.

Жергілікті азамат Телқозы Шорахан қалаішілік такси қызметінің сапасы сын көтермейтінін айтып, шағымданған болатын. Тіпті, такси қызметінің заңсыздығын былай қойғанда, мұның астарында астыртын әрекет бары да тілге тиек етілді.

Қала әкімі Гүлжан Мамытқызы бұл мәселені шешудің тиімді әрі оңай жолы ретінде такси жүргізушілері қоғамдастығын құру қажеттігін алға тартты.

«Бұл ретте сіздер Арыс қаласының ішінде қозғалатын жеңіл көліктерден құралған такси жүргізушілерінің қоғамдастығын құрып, заңды мекеме ретінде тіркеліңіздер. Nur Otan партиясының өкілдері бұл мәселені бықылауда ұстаса, әкімдік қызметкерлері ұйымдастыру жағын қамтамасыз етеді. Ұйымға тіркелген жүргізушілерге тиісті көшелерді бөліп беру арқылы жолаушыларға заңды әрі сапалы қызмет көрсетілетін болады», – деді Г.Құрманбекова.

Қабылдау кезінде оннан астам қала тұрғыны жеке мәселелерін айтып, көмек сұрай келді. Арасында тұрмыс тауқыметін тартып, тағдырдан теперіш көрген кейуана да, көмекке шын мұқтаж көпбалалы аналар да болды. Тұрғын үй кезегі мен тазалық, қаңғыбас ит, мысық пен қараусыз малдың жай-күйі де әңгіме өзегіне айналды.