Home Әлеумет 300-ГЕ ЖУЫҚ ГАЗБЕН ЖАБДЫҚТАУ НЫСАНДАРЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕНШІККЕ БЕРІЛЕДІ

300-ГЕ ЖУЫҚ ГАЗБЕН ЖАБДЫҚТАУ НЫСАНДАРЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕНШІККЕ БЕРІЛЕДІ

Апталық аппарат отырысында облыстағы бюджет есебінен құрылысы жүргізіліп, аяқталған газбен қамтамасыз ету нысандарын «ҚазТрансГаз» АҚ-ның теңгеріміне өткізу жұмыстарының барысы талқыланды. Түркістан облысында құрылысы аяқталған 298 газбен жабдықтау нысанын коммуналдық меншіктен республикалық меншікке беру бойынша жұмыс жүргізілуде. Дегенмен кейбір аудан, қалалар қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстарын баяулаған. Осыған орай Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жауапты тұлғаларға құжаттарды рәсімдеп, тапсыру жұмыстарын тездетуді тапсырды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Тұрғамбаев «ҚазТрансГаз» АҚ-ның жетекшілері жаңа нысандарды табиғи газға қосылғаннан кейін ғана рәсімдеуді алға тартып, келісуді кешіктіріп жатқанын жеткізді. Соның салдарынан 44 елді мекен газға қосылмаған. АҚ-ның жетекшілері жауапкершілікті жергілікті әріптестеріне жүктеді. «Жергілікті болса, сіздердің мекеме емес пе? Газды экспорттау созылып кетті. Халықты ойлаңдар. Газ жетеді. Шешіңдер», – деді облыс әкімі. Өмірзақ Шөкеев созбалаңға салынған істі бірігіп шешуге тапсырма берді. Аталған жұмыстарға тиісті басқармалар мен аудан, қала әкімдерінің тікелей жауапты екендіктерін ескертті. Жиында «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде тұрақты және уақытша құрылатын жұмыс орындары мен әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары баяндалды. Жол картасы шеңберінде 34 инфрақұрылымдық жоба бекітілген. Жаңа талаптарға сәйкес жоба аяқталған соң тұрақты жұмыс орындарын құру міндеттелді. Сондай-ақ тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде отандық жергілікті қамту көзделген қаражаттың жалпы көлемінің кемінде 90%-ы құралуы тиіс. Облыс басшысы тиісті жұмыстарды өз деңгейінде жүргізіп, межелі көрсеткіштердің толық орындалуын міндеттеді. Мәжілісте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша бекітілген іс-шаралар баяндалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуінің алдын-алу мақсатында, ірі сауда орындары мен дүкендерімен және әмбебап базарлармен бағаны негізсіз өсірмеу бойынша облыс көлемінде 1088 меморандум түзілген. Мобильдік топтар Түркістан облысындағы 1000-нан астам сауда орындарына рейдтік шаралар жүргізіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын негізсіз көтермеу жөнінде 752 кәсіпкерге ескертулер мен нұсқамалар берілген.