Home Әлеумет ТҮРКІСТАН: ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖЫЛ САЙЫН КӨБЕЮДЕ

ТҮРКІСТАН: ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖЫЛ САЙЫН КӨБЕЮДЕ

Өңірімізде тұрғындарының орналасуы тығыз әрі экономикасы жылдан жылға өркендеп келе жатқан аймақтардың бірі – Жетісай ауданы. Мұндағы жер емген шаруалар бүгінде заман талабына сай технологиялар арқылы өнімін молайтып жатса, іскер азаматтар жаңа кәсіпорындардың санын көбейтіп келеді. Аудан аумағынан өндіріс орнын салуға ниетті инвесторлардың да қарасы қалын. Сәйкесінше, 2025 жылы аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі жоспардағыдан да асып түсіп, 267,2 млрд. теңгені құраған. Яғни көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 83,6 млрд. теңгеге көп. Бұл туралы өңірлік коммуникация алаңында өткен брифингте аудан әкімі Серік Мамытов баяндады. 

Аудан әкімінің айтуынша, 2025 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі – 24,6 млрд. теңгеге және ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі – 119,4 млрд. теңгеге жетіп, жоспар артығымен орындалған. Ал, құрылыс саласында 22,4 млрд. теңгенің жұмыстары жүргізіліп, сауда айналымы 100,6 млрд. теңгені құраған. Аудан қазынасына 12,3 млрд. теңге түсіпті, өңдеу өнеркәсiбі өнiмінің көлемi – 19,4 млрд. теңгеге жеткен. Негізгі капиталға 46,8 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 118,4%-ды құраған. 

 «Инвесторлар тарту бойынша жан-жақты жұмыс жүргізілуде. Ауданға тартылатын инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді. Былтыр  құны 6,6 млрд. теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба іске асырылып, 288 жаңа жұмыс орны құрылды. Қазіргі таңда аудан аумағында 

12 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Аудан кәсіпкерлеріне мүмкіншілік жасау мақсатында Асықата кентінен 59 гектар жер бөлініп, «Жетісай» индустриалды аймағы құрылды және ол инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтылды. Аталған аймақтағы «Мақта өңдеу зауытын» ақпан айының үшінші онкүндігінде, «Су үнемдеу жабдықтарын өндіру» зауытын наурыз айында іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Асықата кентінен 5 гектар жер резервке алынып, өндірістік парк құрылды. Бүгінгі таңда мұнда 5 ғимараттың құрылысы аяқталып, инфрақұрылым жүйелері жүргізілуде. 

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытында бүгінде ауданда 10 мыңға жуық шаруа қожалығы жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы 79,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы  дақылдары егілді. Өнім көлемін ұлғайту мақсатында 321 шаруа қожалығы бір жерден екі рет өнім алу жобасын іске асырды. 

Өткен жылы 5 646 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясы ендірілді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. Былтыр ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау бағытында мемлекеттік қолдаулар арқылы 215 дана жаңа техника сатып алынды. Қазіргі таңда бұл бағытта «KAZ-KIOTI», «Аltyn Kun Group», «NOSER», «BNK GROUP» компанияларымен жұмыс жүргізілуде.  Мақталы ауылдық округінде машина-трактор стансасы  ашылып, мемлекет тарапынан кәсіпкерге қолдаулар көрсетілді»  деді Серік Үсенұлы.

Аудан әкімі құрылыс саласында да жұмыс қарқынды екенін жеткізді. Атап айтқанда, ауданда «Келешек мектептері» жобасы арқылы 3 мектеп салынған. Бұдан бөлек, жаңа буынды дамыту орталығының, Алтын кемер елді мекенінде – 200 орынды, Мырзашөл елді мекенінде 400 орынды мектептің құрылысы жүргізілуде. Соңғы 3 жылда 240 тұрғын баспаналы болыпты. 2021 жылдан бері тоқтап тұрған 140 пәтерлі көп қабатты үш үйдің құрылысын аяқтау қолға алынған. Қазіргі таңда 

20 пәтерлі бір үйдің құрылысы аяқталған. Бұдан бөлек, Жетісай қаласының территориясын ұлғайтуға бөлінген 80 гектар жер телімінде жеке инвестор есебінен 32 пәтерлі 2 кредиттік тұрғын үй салынып біткен.

 «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 25 елді мекендегі 12 жобаны іске асыруға 1,7 млрд. теңге бөлініп, қаржы жолдарды жөндеуге және мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізуге бағытталыпты. 

Аудандағы 105 елді мекеннің 92-сі табиғи газ жүйесіне қосылған. Келер жылы ауданды толық «көгілдір отынмен» қамту көзделіп отыр. Көлік инфрақұрылымын дамытуға да көңіл бөлінуде. Қала, кент және ауылдық округтерге қарасты 105 елді мекенге орталықтандырылған ауыз су құбыры тартылған. Барлық елді мекен электр қуатымен қамтылған. Бүгінде аудан тұрғындарына 69 медицина мекемесі қызмет көрсетеді. 

«Өткен жылы 3 Мәдениет үйінің құрылысы басталып, тағы үшеуі күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Сонымен қатар, қоғамдық тұрақтылықты сақтау, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел әрі ашық жауап беру — біздің басты басымдықтарымыздың бірі» деді аудан әкімі сөз соңында.

Б.Ерман