“Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов және Түркияның ең ірі медиа холдингі «ТРТ» мемлекеттік телерадио корпорациясының Қазақстандағы өкілі Мехмед Захид Чалышкан мен телеарна тілшісі Гүзал Сайтова Үкаша ата құдығы маңында арша тұқымдас туя ағашын екті.
Құрғақ және ыстық климатқа және күн сәулесіне төзімді туя – өмір ағашы деп аталатыны белгілі.
Түркістанға жасаған сапар барысында қасиетті жерге ағаш отырғызуға қатысқан қонақтар бұл істі жақсылыққа жорып, музей басшылығына алғыс айтты.
Алланың соңғы да сүйікті елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың сахабасы Үкаша ата кесенесінде құран бағыштап, қасиетті құдығынан дәм татқан түркиялық БАҚ өкілдері қасиетті де киелі, тарихи орынды алыс-жақын шет ел туристерінің де назарына ұсынуға лайық бірден-бір объект екенін жеткізді.
Айта кетсек, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарына кіретін Үкаша ата кесенесі мен құдығында соңғы жылдары жаңа жобалар мен абаттандыру жұмыстары қарқын алуда. Былтыр Үкаша ата кесенесі мен құдығының айналасы тазартылып, орындықтар қайта жасалды. Автотұраққа жаңадан электр шамдары тартылып, жарықтандырылды. Зияратшылар демалатын орындар халық игілігіне берілді. Сондай-ақ, музейлендіру жұмыстары бойынша «Үкаша ата тарихы» музейі келушілерге есігін айқара ашты. Музей экспозициясына Үкаша сахабаның өмірінен сыр шертетін құнды мәліметтер мен 70-тен астам археологиялық, этнографиялық, жазба мәдениетіне қатысты жәдігерлер қойылды. Зияратшылардың өтініштерін қанағаттандыру мақсатында, отын, су қоятын үлкен бастырма жасалып, халық игілігіне берілді. Баба басына баратын жүргінші жолдар қайта жөнделді. Құдыққа көтерілетін жолға мүгедектерге арналған арнайы жол салып, пандус орнатылды. Тазалық жұмыстарына байланысты арнайы қалдық жәшіктер мен ескертпе тақтайшалары қойылып, Үкаша ата кесенесі маңына 100-ден астам мәуе ағаштары мен шырша талдары және гүлдер отырғызылған болатын.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК қабылдаған 2018-2021 жылдарған арналған даму жоспарына сәйкес тарихи орындарды абаттандыру, келген туристер мен зияратшыларға сапалы қызмет көрсету бойынша бірқатар жұмыстар демеушілерді тарта отырып жүзеге асуда.
Тарихи-киелі орындарды абаттандыру және музейлендіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.