Бүгінде бұқаралық коммуникация құралдарында жиі көтерілетін тақырыптың бірі – мемлекеттік тіліміздің жай-күйі. Қоғамды толғандыратын осы мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырыстарында ұдайы назар аударып, өз пайымын ашық айтып келеді.
Ұлттық құрылтайдың бұрнағы жылы Ұлытауда өткен алғашқы алқалы жиынында Мемлекет басшысы: «Қазақ тіліне қатысты алаңдаушылық елдегі жағдайды дұрыс түсінбегеннен туындап отыр. Шын мәнінде, бұрынғы ахуал мен қазіргі кезеңді мүлде салыстыруға келмейді. Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Біздің елде ұлтына, тіліне бола ешбір азаматтың құқы шектелмеуге тиіс. Әйтпесе, қоғамда жанжал тууы мүмкін. Ел ішіне іріткі түскенін қалайтындар осыны тілеп отыр. Сондықтан тіл мәселесі бойынша бәріміз ұстамдылық танытуымыз керек деп ойлаймын», деген болатын. Ал Ұлттық құрылтайдың былтыр Түркістанда өткен екінші отырысында: «Мемлекеттік тілдің жағдайын айтып, шу көтеретін кейбір адамдар бұл мәселені саяси құрал ретінде пайдаланады. Халық арасында дау шығарғысы келеді. Ақырында осындай келеңсіз, ойсыз әрекеттер мемлекетіміздің қауіпсіздігіне зиян келтіреді. Мұны ашық айту керек. Себебі тіл – біздің геосаяси кеңістікте «саяси себеп, саяси сылтауға» айналуда. Ал нақты қазіргі ахуалға қарайтын болсақ, тілдің жағдайы бұрынғыдан әлдеқайда жақсы. Мәселе тілге келгенде дау-дамай, даңғаза жасамай, тілімізді дамыта түсу үшін нақты іс-әрекетке көшуіміз керек», деген еді. Ұлттық құрылтайдың биыл Атырауда болған үшінші отырысында Президент: «Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Кейінгі кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітапты шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туынды да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында. Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек», деді. Бұл – кешегі кеңес заманын да, бүгінгі тәуелсіздік кезеңін де бастан өткерген біз, аға ұрпақ өкілдері үшін өте түсінікті әрі қазіргі алмағайып уақыттың сын-қатерлерін ескере айтылған пайым.
Шынында да, қазақ тілінің бұрынғы жағдайын бүгінгімен салыстырсақ, сең сөгілгендей серпіліс болғанын аңғарамыз.
Осы орайда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы өзінің өңірлік филиалдарының жұмысын да жаңаша ұйымдастыруға жете мән берсе, құба-құп. Әсіресе мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясы мәз емес теріскей облыстарға баса көңіл аудару қажеттігі айдан анық. Бұл ретте қоғамның СҚО филиалының кейінгі жылдардағы ізденісті істері жан-жақты қолдауға және өзге теріскей өңірлерге үлгі етуге лайық. Мәселен, заңды жолын тауып, жергілікті бюджеттен мемлекеттік тапсырыс алған аталған филиал белсенділері осы оқу жылында Петропавлдағы орыс тілінде білім беретін 3 инновациялық мектепте қазақ тілінде оқытатын бірінші сыныптардың ашылуына ұйытқы болды. Оларға оқушы жинау үшін ата-аналармен бірқатар кездесу өткізіп, үгіт-насихат жүргізді.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері 90-жылдары ерекше белсенділік танытқаны, әсіресе еліміздің теріскей аймағында қазақ мектептері мен балабақшаларын ашуға, ономастика мәселелерін шешуге бастамашылық еткені мәлім. Кейін өңірлерде Тілдерді дамыту басқармалары құрылуына байланысты Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының филиалдарын жергілікті бюджеттен қаржыландыру мүлдем тоқтатылған. Мұның аяғы олардың көпшілігінің жұмысы қожырап кетуіне әкеліп соқты. Енді, міне, Мемлекет басшысының қолдауымен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен оның өңірлік филиалдары қайта дәуірлеп, мемлекеттік тіліміздің шынайы мәртебесін көтеру жолында пәрменді іс-әрекетке көшетін кез келді.