Home Uncategorized ҚАҢТАРДАҒЫ ҰБТ-ДА ТАЛАПКЕРЛЕРДІҢ 70%-ҒА ЖУЫҒЫ ШЕКТІ БАЛДЫ ЖИНАДЫ

ҚАҢТАРДАҒЫ ҰБТ-ДА ТАЛАПКЕРЛЕРДІҢ 70%-ҒА ЖУЫҒЫ ШЕКТІ БАЛДЫ ЖИНАДЫ

Талапкерлердің 70%-ға жуығы қаңтар айындағы ҰБТ-да шекті балл жинады. Бұл былтырмен салыстырғанда 20%-ға жоғары. Ал орташа балға келетін болсақ, бұл көрсеткіш 7%-ға артып, шамамен 68 балды құрады. Ең жоғары балл 135 болды.Қаңтардағы ұлттық бірыңғай тестілеуге барлығы 102 мыңға жуық адам қатысты. Оның ішінде түлектердің 78,3%-ы қазақ тілінде, 21,5%-ы орыс тілінде, 0,16%-ы ағылшын тілінде тестілеуден өтті.Қаңтар айындағы ҰБТ-ға ерекше білім беруді қажет ететін 99 бала қатысты. Былтыр осы кезеңде көру, есту, тірек-қимыл аппараты бұзылған 33 талапкер тест тапсырған болатын.Айта кететіні, биыл алғаш рет ерекше қажеттіліктері бар түлектерге тестілеу тапсырмаларын орындау үшін негізгі 240 минуттан бөлек, тағы қосымша 40 минут уақыт берілді. Сонымен қатар осы түлектер үшін сызбаларсыз, диаграммаларсыз және схемаларсыз тест нұсқалары арнайы әзірленді.

«Қаңтардағы ҰБТ биылғы 25 қаңтар мен 22 ақпан аралығында 42 өңірлік тестілеу орталығында өтті. Тестілеу осымен екінші жыл қатарынан электронды форматта жүргізіліп келеді. Тестілеу кезінде талапкерлер сұрақтарға қайта орала алады және қағаз бланк толтыруға уақыт жұмсамайды. Осылайша, ҰБТ нәтижелері жақсарып, орташа балл айтарлықтай өсті. Сондай-ақ электронды формат тестілеудің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Орнатылған камералардың арқасында тестілеу кезінде ереже бұзу фактілері де айтарлықтай азайды. Түлектердің басым бөлігі өзіне және өз біліміне сенетіні қуантады», – дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.Былтырғы қаңтар айындағы ҰБТ-мен салыстырғанда тыйым салынған заттарды алып кіру әрекеттерінің саны да азайған. Смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тестілеуден өту мүмкіндігінен 90 талапкер айырылды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда үш есеге аз.Естеріңізге сала кетейік, ҰБТ үш деңгейлі жүйе бойынша өткізіледі: Face ID жеке басын сәйкестендіру арқылы, жеке куәлік бойынша, сондай-ақ тестілеу орнында жеке басын сәйкестендіру жүргізіледі. Биыл тестілеу алғаш рет «бір компьютер – екі камера – бір тестілеуші» қағидасы бойынша өткізілді. Егер бұрын тестілеу барысы әр компьютердің үстінде орналасқан бір ғана камерадан бақыланса, енді ҰБТ кезінде жеке тұлғаны сәйкестендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін екінші (алдыңғы) камера орнатылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан барлығы 229 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.