Home Спорт ТҮРКІСТАН: МАҚТАРАЛДА АШЫҚ КУБОК ӨТТІ

ТҮРКІСТАН: МАҚТАРАЛДА АШЫҚ КУБОК ӨТТІ

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Н.А.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында Ұлы даланың ұлы есімдерін дәріптеу мақсатында ғұлама-ғалым, философ Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы аясында қол добынан 2006 жылы туылған жасөспірім ұлдар арасында «Лайықты ұрпақ тәрбиелейік» ұранымен Мақтаарал ауданы әкімінің ашық кубогі болып өтті.
Байрақты бәсекенің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Бағлан Айхынов, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Кеңес Сүлейменов пен Иіржар ауылдық округінің әкімі Жарқынбек Әбдіров қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентінің халыққа Жолдауын орындау, жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыра отырып бұқаралық спортты, қол добы ойынын өскелең ұрпаққа дәріптеуді көздейтін біріншілікке көршілес Өзбекстан республикасынан, Отырар, Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарынан келген 9 командада 300-ге тарта спортшы қатысты.
Тартысты өткен біріншілікте Шардара ауданының құрама командасы ІІІ орынды иеленсе, ІІ орын көршілес Өзбекстаннан келген спортшыларға бұйырды. Ал, жүлделі І орынды Мақтаарал ауданының құрама командасы қанжығаларына байлап, жеңімпаз атанды.
Жарыс соңында жүлделі орындарға ие болған командалар мен үздік деп танылған жекелеген ойыншылар ұйымдастырушылар тағайындаған бағалы сыйлықтарға, арнайы дипломдарға ие болды.