Бірінші жартылай орта салмақта жұдырықтасатын қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев (16-0, 13 КО) келесі жекпе-жегін 26 қыркүйек күні Канаданың Монреаль қаласында өткізеді деп хабарлайды massaget.kz.
28 жастағы отандасымыз мексикалық боксшы Мигель Васкеспен (41-8, 15 КО) қолғап түйістіреді. 32 жасқа келген қарсыласы 2010-2014 жылдар аралығында жеңіл салмақта IBF чемпиондық атағын иеленген. Екі боксшы арасындағы жекпе-жек 10 раундтық ереже бойынша өтеді. Мексикалық боксшы соңғы рет 2018 жылдың желтоқсан айында жекпе-жек өткізген. Жартылай орта салмақта IBO чемпиондық атағы үшін өткен кездесуде жеңіліс тапқан. Бүгінге дейін 49 кездесу өткізіп, тек 8 айқасында ғана есе жіберген. 15 жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтаған. Мигель Васкес кәсіпқой бокстағы ең алғашқы жекпе-жегін 2006 жылы Сауль “Канело” Альвареске қарсы өткізіп, ұпай саны бойынша жеңілген. Араға екі жыл салып, “Канеломен” қайта кездескен. Бұл жолы да ұпай саны бойынша есе жіберген. Сондай-ақ ол атақты кіші Тимоти Брэдли, Джош Тейлормен шаршы алаңда жұдырықтасқан тәжірибелі боксшы. Батыр Жүкембаев кәсіпқой бокстағы 16-шы шайқасын 18 мамыр күні өткізген болатын. Монреальда мексикалық Луис Хесус Видалесті (13-6, 6 КО) бірінші раундта нокаутқа түсірген. Сонымен қатар бұл бокс кешінде Батыр Жүкембаевтен бөлек, бірінші орта салмақтағы қандасымыз Садриддин Ахмедов (9-0, 8 КО), екінші орта салмақта жұдырықтасатын Нұрзат Сабыров (10-0, 9 КО) және орта салмақта Аман Қазанғапов (0-0-1) өздерінің рейтингтік жекпе-жектерін өткізеді. Айта кетейік, Батыр жақында ғана шаңырақ көтеріп, Гауһар есімді аруды өмірлік серік еткен еді.

Ақпарат көзі: massaget.kz.