Home Мәдениет ТҮРКІСТАН: «ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАРЛЫҒАШТАРЫ» БАЙҚАУЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

ТҮРКІСТАН: «ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАРЛЫҒАШТАРЫ» БАЙҚАУЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы, Қазақстан жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалы мен Қазақстан журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік қарлығаштары» атты шығармашылық байқауы ұйымдастырылған болатын.

Түркістан облысы мен Шымкент қаласының 30 жасқа дейінгі жас қаламгерлері қатысқан байқауға 100-ден аса ұсыныс келіп түсті.

Үміткерлердің шығармаларын жазушы, Халықаралық «Алаш», «Түркі әлеміне қызмет» сыйлықтарының иегері Мархабат Байғұт бастаған өңіріміздің танымал ақын-жазушылары мен ақпарат саласының өкілдері сараптап, лайықты бағасын берді.

Қазылар алқасының шешімімен шығармалары үздік деп танылған 12 жас қаламгер Түркістан қаласындағы «Визит” орталығында ұйымдастырылған байқаудың марапаттау рәсіміне қатысып, қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Сонымен қатар, аталмыш шараға қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов, “Нұр Отан” партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, Қазақстан жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Әлібек Шегебай, Қазақстан журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай және зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.

Аталмыш шараны ашып берген қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов: «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясындағы шаралардың бастамасы ретінде ұйымдастырылған бұл байқаудың маңызы өте зор. Себебі, біздің Тәуелсіздікке жету жолындағы сан қилы тарихымызды түлетіп, 30 жыл аясында еліміздің жеткен жарқын жетістіктерін насихаттау қолына қалам ұстаған ақын-жазушылар мен журналистердің еңбегі арқылы жүзеге асады. 30 жылдыққа арналған байқауға 30 жасқа дейінгі қаламгерплерді қатыстырудағы басты мақсатымыз – Тәуелсіздіктің қадірін ұғындыруды осы жылдарда туылған жастардың қаламының қуаты арқылы сезіндіру, ұғындыру болып табылады. 100 ден аса жүйрік жастардың арасынан шығармалары озық деп танылған барша қаламгерлерді құттықтаймын. Бұл бағыттағы шаралар мен байқаулар жалғасын табатын болады», деп байқауға түскен туындылардың жеке жинақ болып шығатындығын хабарлады.

Жиында қазылар алқасының мүшелері Ғалымжан Елшібай, Әлібек Шегебай, Ертай Бекқұл, Балтабек Түйетаев қатысушы үмтікерлердің шығармаларына талдау жасап, жеңіске жеткен туындылардың озық тұстарын атап өтті.

«Тәуелсіздік қарлығаштары» байқауының публицистика жанры бойынша жүлделі І – орынды Мария Сәулебекқызы иеленсе,
ІІ – орын иегері Ғалия Бисейіт,
ІІІ-орын Әбен Зағипа марапатталды.
Ынталандыру сыйлығымен Айман Қадір, Мафтуна Нажиева, Жеңіс Нұрдәулеттер марапатталды.
Сонымен қатар, байқаудың поэзия және проза жанры бойынша жүлделі І – орын Әлімжан Әлішер марапатталса,
ІІ орын Ердәулет Айнабекұлы,
ІІ орын Нүркен Нұрғазылар арнайы дипломмен марапатталды.
Ынталандыру сыйлығы Мейір Серікұлы, Еламан Төлеутай, Сезім Мергенбайға табысталды.
Марапаттау шарасы байқау жеңімпаздарының «Тұңғыш Президент» саябағындағы арнайы орындарға ағаш отырғызу рәсімімен жалғасын тапты.