Home Мәдениет ТҮРКІСТАН: МУЗЕЙ ҚОРЫНДАҒЫ ҚҰМАН-ҚҰМЫРАЛАР

ТҮРКІСТАН: МУЗЕЙ ҚОРЫНДАҒЫ ҚҰМАН-ҚҰМЫРАЛАР

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қорында ХІІ-ХІІІ ғасырларға тән сыртқы пішіні сәнді, өзіне ғана тән ерекшеліктермен өрнектелген ыдыстардың бірнеше түрі бар. Солардың бірі құман –құмыралар. Оларды салтанатты ыдыс түрлеріне жатқызуға болады. Қаратөбе-Сауран қазбасынан табылған құман- құмырларды әшекейлеуде геометриялы сызықшалар мен шиыршық тәрізді комбинациялар және өсімдік тектес өрнектер қарапайым, әрі күрделі бейнелермен қолданылып, қара қоңыр түспен ашық түсті ангобқа түсірілген. Тұтқалары кішкене көлденең сызықтардан тұратын өрнекпен сәнделген. Өрнектер иық және ауыз тұстарына да түсірілетін болған. Әйтседе біздің топтамада бүтін күйіндегі ыдыс аз сақталған. Музей қорындағы құмандар арасында өрнектері ыдыстың жоғарғы бөлігіне тұтастай түсірілгендері де бар. Олардағы өрнектер шырша, түзу, ирек, көлденең сызықтармен шиыршықтардан құралған геомертиялық жолақтардан және сәулесі шашырап тұрған күн, өсімдік тәрізді өрнектермен қосылып жалпы бір композицияны құрап тұр деуге болады. Сырты ангобпен өрнектелген қыш құмандардың пішіндері қазіргі заманғы шәйнектерді еске түсіреді. Алайда, олар арнайы отқа қоюға арналып жасалмағандықтан, тек қол жуғыш құмандар ретінде қолданылды. Оларды мұсылман амалдарын орындау кезінде ғұсыл дәрет алу үшін және су тасушы ыдыс ретінде қолданған болуы керек деп пайымдаймыз. Сол себептен де оларды «құман» деп атауға болады. Осындай пішіні өзгеше болып келген бұл құмандардың өрнектелуі де күрделене түсіп жіңішке ангобты сызықтар,нүктелер, гүлді розеткалармен әсемделіп, олар ыдысты қорғаушы «тұмар» деуге де болады. Құмандар құмыра түрінде пішінделіп, жоғарғы жағы үрлене шығыңқы, аузы жоқ бітеу түрінде түбіне қарай тарыла жасалған. Жоғарғы мойын тұсына жақын жерінен, d-3-4см. көлемінде шүмек орындары сақталған. Осы шүмек құман аузының да, тұтқаның тіреуішінің де қызметін атқарған. Құман тұтқасы қақ төбеден шығып осы шүмектің ауыз жағына бекітілген. Кейбірінің түбінен жоғары ернеу аралықтарына қара ангобпен жіңішке сызықшалар төрт жерінен түсірілген. Одан жоғары төбе жағына шаңырақтың ортасы тәрізденген өрнек, яғни, қара ангобпен жіңішкеде ұзынша сызықтар тігінен, ал ортан беліне жолақ тәріздендіріліп қиғаш сызықшалар бір жамбастап түсірілген. Құманның шүмек орналастырылған алдыңғы маңдайшасына өрнек түсірілмеген. Құман -құмыралар басқа асханалық ыдыстар тәрізді аузы жіңішке болғанымен сыйымдылығы жағынан сұйық зат көп кететіндіктен, тұрмыста су тасуға және дәрет алуға пайдаланылғандығы байқалады. ” Орта Азиядағы Х-ХІІғғ. қыш құмыралар топтамаларында мұндай пішіндегі қыш құмандар онша көп кезеспейді. Мұндай құман – құмыралар дәстүрлі түрде «асханалық» ыдыс категориясына жатады. Бұлар пішіні жағынан бірден-бір өзгеше ыдыс ретінде шығу тегі жағынан грек ыдыстарымен байланысы барлығы дәлелденген. Олар алғаш рет Ежелгі Бактрияда пайда болып одан кейін ғана Орта Азияға тараған сыңайлы. Зерттеуші З.И.Усманова Фергана облысындағы бір тарихи –мәдени орталықтағы әр түрлі қыш өрнектерге назар аударғанда негізінен «өсімдік» тектес және « геометриялық» ою- өрнектердің түсірілуінің басымдығын байқаған. Сондай-ақ, керамиканың мұндай түрлері Тәжікстандағы Хульбук, Тохаристан ескерткіштерінен көптеп табылған Қаратөбе-Сауран қазбасынан табылған ерекше үлгіде жасалынған құман-құмыралар жоғалып қайта жанданған дәуірді еске түсіретін музей қорындағы артефактілер. Олардағы өрнектер стилі жағынан жергілікті көшпелі халықтардың тұрмысында қолданып келген әр түрлі бұйымдары- кілем, текемет, сырмақтардағы ою-өрнектерге жақын болып келетіні байқалады.