Home Басты жаңалықтар ТҮРКІСТАН: ЗИЯРАТ ЖАСАУШЫЛАР ТАРИХИ ФИЛЬМДЕР КӨРЕ АЛАДЫ

ТҮРКІСТАН: ЗИЯРАТ ЖАСАУШЫЛАР ТАРИХИ ФИЛЬМДЕР КӨРЕ АЛАДЫ

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құжыра бөлмесінде « Қазақфильм » және « Оңтүстікфильм » киностудиялары түсірген деректі және анимациялық фильмдер зияратшылар мен туристерге тұрақты түрде көрсетіліп келеді. « Әзірет Сұлтан » мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне келген әрбір келуші жәдігерлермен қатар тарихи фильмдерді де тамашалап, алғысын білдіруде.
2016 жылдан бастау алған бастама аясында Түркістанға қатысты деректі фильмдер тамашаланса, 2018-2019 жылдары « Алмас қылыш », « Көшпенділер », « Жаужүрек 1000 бала » көркем фильмдері мен « Күлтегін », « Мұзбалақ », « Көне құмыраның сыры », « Қажымұқан », « Қазақ Елі », « Отырарды қорғау », « Түркістан », « Оқсыз » анимациялық фильмдерін тамашалауда.
-« Көрсетілімдер тек балалар ғана емес ересектер үшін де қызықты. Алыс-жақын жерден келген қонақтар бір сәт демалып, фильмдерімізге де көз жүгіртеді. Күніне орта есеппен 200-300- дей келуші Құжыра бөлмесіне бас сұғады.Тарихи тағылымы мол бұл істің да берер тәрбиесі мол »,- дейді « Әзірет Сұлтан » мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков.
Айта кетсек, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Цифрлы Қазақстан» жобасы негізінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген қазақтың хан-сұлтандары мен би-абыздары, батырлары мен игі жақсылары тізімі цифрлы форматта үш тілде әзірленсе, кесене ішінде 2 ақпаратты киоскі, шағын кинозал, 3D тур қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің жаңартылған ресми сайтының мобильді қосымшасы да іске қосылған.