Home Басты жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА БАҒДАРЛАМА ЖАСАҚТАЛУДА

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА БАҒДАРЛАМА ЖАСАҚТАЛУДА

Бұл туралы облыс әкімдігінде Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен өткен аппарат жиналысында ортаға салынды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында жаңа бағдарлама пайда болды. «Қамқорлық» аймақтық бағдарламасы өңірде өмір сүріп жатқан көмекке аса мұқтаж жандарға демеу болмақ. Бұл шара мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мен көмектен бөлек жүзеге асады.

Тұрмыс тауқыметін тартқан мұндай отбасыларға жан – жақты қамқорлық көрсету арқылы, кедейліктің шеңберінен шығуға мүмкіндік береді. Олармен аудан, ауыл әкімдері тікелей жұмыс жүзгізетін болады. Жоқшылықта өмір сүріп жатқан жандарға жергілікті қазынадан елімізде бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшеріндегі қаражат бөлініп, отбасының еңбекке қауқары бар мүшелері жұмысқа тартылады. Оларды анықтау үшін арнайы комиссия құрылмақ. Оның құрамына ауыл ақсақалдары мен жергілікті белсенділер де қосылады. Аталған шараға демеушілер де атсалысады. Жиында облыс басшысы көмекке аса зәру жандардың аяқтан тұруын бақылауда ұстап, ондай отбасыларды жеке аралайтынын қадап айтты.