Home Әлеумет ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ КЕЗІНДЕ ЖАУАПТЫ МЕКЕМЕЛЕРДІҢ ДАЯРЛЫҒЫ ТЕКСЕРІЛДІ

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ КЕЗІНДЕ ЖАУАПТЫ МЕКЕМЕЛЕРДІҢ ДАЯРЛЫҒЫ ТЕКСЕРІЛДІ

Түркістан қаласында төтенше жағдай кезінде жауапты мекемелердің даярлығын тексеру мақсатында оқу-жаттығу жиыны өтті. Жұмыс барысы Түркістан қаласы әкімі мен қала әкімдігінің Instagram желісінде тікелей эфирде көрсетілді. Рашид Аюпов “Түркістан Халықаралық әуежайы” бағыты мен Р. Есетов атындағы №20 жалпы орта мектебі аумағында өрт және суға кету жағдайы бойынша жауапты мамандардың іс-әрекетін бақылады. Оқу-жаттығу жиынында орын алған жағдай хабарланып, оқиға орнына төтенше жағдай, медицина, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау (СЭС), полиция және басқа сала қызметкерлері келіп, өртті 19 минутта сөндіріп, жағдайды баяндады. Хабарлама бойынша 2 аталған өрт оқиғасы толығымен өшірілсе, суға кеткен 2 азаматты өрт сөндіру авариялық құтқару қызметі тауып, алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, мектепте орын алған өрт толығымен сөндіріліп, 5 адам құтқарылды. Оларға да жедел жәрдем қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетті. Жалпы, оқу-жаттығу жиынына 36 техника жұмылдырылып, 153 адам, 18 топ қатысты. Айта кетерлігі, аталған жайт мамандарға алдын ала ескертілмеді.Төтенше жағдайға азаматтық қорғау қызметтері мен жедел ден қою жасағының дайындығын тексерген Рашид Абатұлы жоғары бағасын берді. Былтыр төтенше жағдай орын алғанда қызметкерлердің жағдайды реттеуге 45 минут жұмсағанын айтып, 19 минут – бұл үлкен жетістік екенін білдіріп, мамандардың жауапкершілікпен атқарып шыққандығын айтып өтті. “Мұндай апаттан сақтасын. Дегенмен, біз бәріне дайын болуымыз керек. Себебі, апат айтып келмейді. Осындай сәтте, отбасына қарамай, күн-түн демей өз қауіпсіздігінен бұрын халықтың өмірін жоғары қоятын әрбір сала қызметкерлеріне алғысым шексіз. Одан бөлек те аяқ асты және техникалық ахаулар кезінде жұмыстарын ширататын қаншама қызметкерлер бар. Мәселен, су өшсе, жылу жүйесі істен шықса уақытқа қарамай тұрғындарға тапшылығын сездірмес үшін жұмыс істейтін қызметкерлер бар. Олар “Батыр” атағын алмаса да, қызметі өте қажет мамандар”, деген Рашид Абатұлы баршаға сәттілік тілеп, жұмыстары үшін алғыс айтты.