Home Әлеумет ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЕКПЕ-ЖЕК ӨНЕРІ МЕН ҚАЗАҚ КҮРЕСІ ДАМУДЫҢ ЖАРҚЫН ЖОЛЫНА ТҮСТІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЕКПЕ-ЖЕК ӨНЕРІ МЕН ҚАЗАҚ КҮРЕСІ ДАМУДЫҢ ЖАРҚЫН ЖОЛЫНА ТҮСТІ

«Қазақстанның жауынгерлік өнер ассоциациясы» және «Qazaq kuresi» ассоциациясының Бас директоры Абат Имамбаев Түркістан қаласына іс-сапармен келді. Осыған орай «Тúrkistan arena» стадионында жекпе-жек өнері қауымдастығының 1 жылдан астам уақытта жеткен жетістіктері талқыланған жиын өтті. Басқосуда «Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің жылдық жоспары баяндалды. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, ҚР ҰҚК-нің Түркістан облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Мұрат Мұқажанов бастаған спорт жанашырлары мен БАҚ өкілдері қатысты. «Ассоциация 2020 жылдың 28 қаңтарынан бастап өз жұмысын жүргізіп келеді. Қауымдастыққа кіретін 10 спорт федерациясында қазіргі таңда 115 жаттықтырушы қызмет атқарады. Биылғы бөлінген бюджеттік қаржыға қазіргі таңда спортшыларға арналған 100 дана спорттық киім-кешек дайындалуда. Жоспарға сай наурыз-сәуір айларында спортшыларға үлестіріледі деп көзделуде. Ол үшін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан бөлінген 15 млн. теңге қаржы жұмсалмақ»,-деді қауымдастық басшысы Дәурен Тәңірбергенов.Сондай-ақ, кездесуде сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Данияр Исабаев қазақ күресінің өңір көлемінде даму барысы туралы атап өтті. Оның айтуынша, облыс аумағындағы 7 облыстық, 6 қалалық және 17 аудандық спорт мекемелерінде қазақ күресі бөлімдері бар. Онда 143 жаттықтырушы 3500-ден астам спортшыға жүйелі оқу-жаттығу өткізеді. Биыл елімізде күш атасы атанған Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына орай 10-ға жуық жарыс ұйымдастырылмақ. Оның бірінішісі Нұр-Сұлтан қаласында жасөспірімдер арасында өткен ҚР-ның чемпионаты. Сондай-ақ, жастар мен ересектер арасында ел біріншілігі өтеді. Ал, Түркістан қаласында әлем кубогын өткізу жоспарлануда. «Ассоциация республикалық, Халықаралық аренада ұлттық құндылығымызды дамыту бағытында жұмыс жасайтын жалғыз ұйым. Жақында ұлттық спорт түрлерін мектеп бағдарламасына енгізу бойынша заңнама қабылданды. Бағдарлама спорттан бөлек тәрбиелік құрал ретінде жастарды жан-жақты дамытуға арналған»,-деді «Qazaq kuresi» ассоциациясының атқарушы директор Ербол Мырзабосынов.