Home Әлеумет МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Ағымдағы жылдың 29 сәуірі күні Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті.

Аудан көлемінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар ортаға салынған шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай, комиссия мүшелері, аудан әкімінің орынбасарлары мен әкімдік қызметкерлері, дербес бөлім басшылары, кенттер мен ауылдық округ әкімдері қатысты.

Комиссия отырысында Мақтаарал ауданында ҚР-ның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған жоспарының орындалуы және аудан әкімі аппаратының аудан көлемінде ішкі талдау бойынша атқарылған жұмыстары, сондай-ақ ауданда «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен атқарылған жұмыстар баяндалды.

Жиында Мирас Асқарбайұлы сөз алып, ағымдағы жылдың 5 сәуірінен бастап әкімшілік заңнамадағы түзетулердің күшіне енгендігін және бұдан кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауы, жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы және заңсыз кірістер алуы сияқты әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтауға және олардың жолын кесуге уәкілетті болып табылатынын ескертті.

Ауданда сыбайлас жемқорлық деректері бойынша көш бастаған салалардың туындау себептері талқыланған жиын соңында жемқорлық деңгейін төмендету бойынша бірқатар ұсыныстар тыңдалып, қоғам індетімен күрес шаралары барлық мемлекеттік орган басшысының қызметінде басым бағыттардың бірі болуы қажет екендігі ескертілді.