Home Әлеумет АРЫС ҚАЛАСЫНДА ЖАРЫЛЫСТАН ЗАРДАП ШЕККЕН ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ БҮГІНГІ АХУАЛЫ БАҚЫЛАНДЫ

АРЫС ҚАЛАСЫНДА ЖАРЫЛЫСТАН ЗАРДАП ШЕККЕН ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ БҮГІНГІ АХУАЛЫ БАҚЫЛАНДЫ

2019 жылдың 24 маусымы күні Арыс қаласында орын алған жойқын жарылыстың салдарынан қала тұрғындарының басым көпшілігі зардап шегіп, бірқатар әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуді қажет етті.

Бұл ретте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зақым келген нысандарды аралап,  қаланы шұғыл қалпына келтіру бойынша нақты тапсырмалар берген болатын.  

Осыған сәйкес, бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай апатты зарылыстан қатты зардап шеккен Арыс қаласына арнайы барып, жарылыс кезінде қабырғасы сөгіліп, жарамсыз қалыпқа түскен ғимараттардың бүгінгі ахуалымен танысты.

Жұмыс сапарымен келген Мирас Асқарбайұлы, ең алдымен баспана үшін базынасын жеткізген  қала тұрғындарымен жүздесіп, әскери қоймадағы апаттың әсерінен құлауға шақ қалған  бірқатар тұрғын үйлердің әлі де жөндеу көрмегенін назарға алды.

Зерделеу барысында баспана дауы  әзірге әскери сотта қаралып жатқандығы және жақын күндері сот үкіміне сәйкес күрмеулі мәселенің түйіні шешілетіні мәлім болды.

Бұдан бөлек,  «И.Журба атындағы жалпы орта мектебіне» бас сұғып, білім беру мекемесіне жүргізілген қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесіне көз жеткізді.    

Жарылыс кезінде детонацияның күшімен мектептің есік-терезелері мен шатыры зақымданып,  стадионға түскен снарядтың салдарынан өртке оранған көгал бүгінде толық жөндеуден өткені белгілі болды.

Сондай-ақ,  Арыс қаласында орналасқан футбол алаңы, спорттық ойындар мектебі,  орталық стадиондардың да қазіргі жәй-күйі назардан қалмай, құрылыс жұмыстарының сапалы әрі қауіпсіз  жүргізілгендігі бақыланды.  

Бұдан бөлек, іргетасы 1904 жылы қаланған «Арыс-1» теміржол вокзалына бет бұрған Мирас Асқарбайұлы іші-сырты толық жаңартылған көне ғимараттың баптапқы  сәулеттік ерекшеліктері құрылыс жұмыстарын жүргізген кәсіби мамандардың негізінде сақталып қалғандығына оң баға берді. 

Айта кетсек, Арыс қаласында  орын алған төтенше жағдайдан соң, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры арқылы 66 әлеуметтік насандар (54-і білім, 8-і денсаулық сақтау, 4-і спорт нысандары) қалпына келтіріліп,  4 нысан жанадан салынса,  62 нысан күрделі жөндеуден өткізілген болатын.