Home Әлеумет ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АРЫС ҚАЛАСЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АРЫС ҚАЛАСЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Білім беру саласы – елімізде сыбайлас жемқорлық көріністері жиі ұшырасатын салалардың бірі.

Осы орайда, бүгінгі күні білім беру ордаларында туындайтын сыбайластықтың алдын алу бағыты бойынша түсіндіру шаралары Департамент тарапынан жүйелі жүргізіліп келеді.

Атап айтсақ, бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай қалыпты құбылыс ретінде қоғам өмірінде орныққан парақорлықтың алдын алу мақсатында Арыс қалалық Адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты білім беру мекемелерінің басшыларымен кездесті.

Басқосуда сыбайлас жемқорлыққа қарсы Заңнамаларға енгізілген соңғы жаңашылдықтар таныстырылып, жиынға қатысушылардың назарына қолданысқа енген өзгерістердің маңыздылығы түсіндірілді.

Ең алдымен, Мирас Асқарбайұлы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған адамдарды көтермелеу қағидаларына енгізілген толықтыруларды және ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне енгізілген бірқатар өзгерістер мен қол астындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы үшін бірінші басшылардың жеке жауапкершілігі туралы баяндады.

Атап айтсақ, жемқорлық құқық бұзушылық деректері туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін ел азаматтарына біржолғы ақшалай сыйақы қарастырылғанын айрықша жеткізді.

“Параның немесе келтірілген залалдың сомасы не ұсынылған жеңілдіктердің немесе көрсетілген қызметтердің құны 1 000 АЕК аспайтын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша берілетін біржолғы ақшалай сыйақының бекітілген мөлшері бар. Сондықтан, қоғам кеселіне айналған жемқорлық тәуекелдерінің туындауына жол бермеуге және оның алдын алу үшін баршаңызды азаматтық белсенділік танытуға шақырамын”,- деп қорытындылады Мирас Қарғабай.

Айта кетсек, биылғы жылы 1 айлық есептік көрсеткіш 2917 теңгені құрайды. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы

■ әкімшілік істер бойынша хабарлаған азаматтарға – 30 АЕК (87 510 теңге),
■онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК (116 680 теңге), ■ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 50 АЕК (145 850 теңге),
■ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 70 АЕК (204 190 теңге),
■аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 100 АЕК (291 700 теңге) ақшалай сыйақы және құны 1000 АЕК асатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша берілетін сыйақы мөлшері пара немесе келтірілген залал сомасының 10%-ын құрайды.

Жиын соңында білім бәсекесінде жиі ұшырасатын жемқорлықтың туындау себептері мен оның алдын алу мәселелері талқыға түсті.